RU

Алматыда емханаға темірдей тәртіп орнатқысы келген маман қарамағындағыны орындықпен ұрған

Алматыдағы  №31 қалалық емхананың қызметкері «басшылық тарапынан жәбір көрдім» деп жыларман күйде 31 арнаға келіп, шағымын жеткізді.

Айтуынша, тазалық қызметкерлерінің үстінен қарайтын меңгеруші Әлия Бекмұхамбетқызы қол көтеріп, ар-намысына тиетін сөздер айтып балағаттаған. Шағымын бас дәрігерге  жеткізгелі, тіпті бүкіл ұжымды өзіме қарсы қойды дейді. Алайда түсіру тобын көре сала, есігін ішінен бекіткен емхана басшылығы қандай да бір түсініктеме беруден бас тартты.

"Басшылықтың балағат сөздеріне үш жыл төзгеніммен, соққысына көне алмадым. Хирург маған шыбығыңыз тайып кеткен деп, гельдер жазып берді", - дейді жәбірленуші Балжан Узбекова.

Айтуынша, қол көтерген кісінің аты Әлия Бекмұхамбетова. Емханаға темірдей тәртіп орнатқысы келген маман тіпті қарамағындағыны орындықпен ұрудан да тайынбаған көрінеді.

"Тоңазытқышты дұрыс қоймапсың деп кушетканы жіберіп ұрды. Қолыма келіп тиді. Тағы да столмен ұрып, кеудемнен итеріп жіберді", - дейді жәбірленуші Узбекова.

Болған жайттың анық-қанығына жету үшін, ақыры емханаға барғанда камерадан қарадай қашқан бас дәрігердің өзі жауап беруге ынта таныта қоймады.

Есігін іштен қымтап жапқан бас дәрігердің орынбасары Ақмарал Тілеубердіқызымен де жолығудың сәті түспеді. Жәбірленушінің айтуынша, өз еркімен жұмыстан кетуге бұйырған сол кісі екен.

"Ақмарал Тілеубердиевна болса "Әлия дұрыс істедің гоняй ее, арыз жазып жұмыстан кетсін. Сендердің орындарың әжетхана жуу, аула сыпыру, базарға шығу. Арыз жаз да кет" деді маған", - дейді Балжан Узбекова.

Тал түсте емханадан бірде-бір ақ халат киген адам көрінбегенімен өзге емделушілер "айтарым бар" деп, микрофонға жармасып жатты.

Ендігі жерде бұл айтылған шағымдарды тексеру Алматы қалалық Денсаулық сақтау басқармасының құзырында.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/968721-almatyda-emkhanagha-temirdey-tartip.html