RU

Түркия-Ресей жанжалының Орталық Азияға әсері қандай?

Сарапшылар «Түркия мен Ресейдің арасы бұдан әрі ушықса, Орталық Азия елдері қолайсыз күйге тап болады» дейді. Олар аймақтағы әлдебір елдің ара ағайындыққа ұмтылуы мүмкін екенін де айтады.

Астана Түркияның F-16 жойғыш ұшағы ресейлік Су-24 ұшағын 24 қарашада Сирия-Түркия шекарасында атып түсіруіне байланысты аралары нашарлап кеткен Анкара мен Мәскеуді «ұстамды болуға, жағдайды шешу үшін бар мүмкіндікті пайдалануға» шақырды. Қазақстан Сыртқы істер министрі таратқан мәлімдемеде «бұл оқиға антитеррористік кампанияның тиімділігіне әсер етуі мүмкін» деген қауіп те айтылған.

Ресей президенті Владимир Путин ұшақпен болған оқиғаны «ту сырттан соққы» деп атап, оның Ресей мен Түркияның қарым-қатынасына кесірі боларын айтқан. Анкараның «Су-24 Түркияның әуе кеңістігін бірнеше рет бұзды, ескертуді елемеді» деген уәжін де жоққа шығарған Мәскеу «мұндай қылмысқа ешқашан төзбейтінін» мәлімдеген.

Ресей сыртқы істер министрлігі Сергей Лавров Стамбулға жоспарлаған сапарынан өзі ғана бас тартып қоймай, ресейліктерді ол елге бармауға шақырды. Ресейдегі ірі туристік операторлардың кейбірі Түркияға туристік жолдама сатуды тоқтататынын хабарлады.

Ресейді айыптай алмайды, ал Түркия - дос әрі туыс

Азаттық «Ресей мен Түркияның қарым-қатынасы шиеленіссе, бұл екі елмен де жақын байланыстары бар Орталық Азия мемлекеттері қандай саясат ұстануы мүмкін?» деген сауалды осы аймақтағы сарапшыларға қойған еді.

Алматыдағы Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институтындағы (КИМЭП) Орталық Азия бойынша зерттеулер орталығының директоры Наргис Касенова «Қазақстанның соңғы жылдары онсыз да қиындаған көпвекторлы саясаты одан әрі күрделене түсетінін» айтады.

"Қазақстан Еуразия экономикалық одағындағы (ЕАЭО) серіктесі әрі әскери одақтасы Ресейді айыптай алмайды. Астана «оқиғаға түсіністікпен қарауға» шақырудан аспағаны дұрыс. Өйткені Түркия да – Қазақстанмен саяси және экономикалық қарым-қатынасын жоғары деңгейге көтеріп отырған, достық әрі туыстық қатынастағы ел", – дейді Орталық Азия бойынша зерттеулер орталығының директоры Наргис Касенова.

Ал қырғызстандық саяси сарапшы Эдиль Байсалов «Қырғызстан президенті Алмасбек Атамбаев Ресейдің Сириядағы әскери операциясына ресейлік баспасөз бетінде ашық қолдау көрсеткенін» еске алды.

"Қырғыз қарулы күштерінің басшылары да Ресеймен әскери одақтастығын ескеріп, Сирияға әскер жіберуге дайын екенін аңғартты. Бұл қате ұстаным болды. Сириядағы ірі державалардың тартысына араласпаған дұрыс еді", – дейді ол.

Эдиль Байсаловтың сөзінше, түркі мемлекеттерінің ынтымақтастығы туралы жиі айтатын постсоветтік Орталық Азия республикалары Түркиямен де ара-қатынасын бұзғысы келмейді.

"Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған сайлауда жеңіске жеткенде оны Алмасбек Атамбаевтың жүзбе-жүз құттықтағанын білеміз. Мына жағдайдан кейін қандай ұстанымда болары белгісіз", – дейді қырғыз сарапшысы Эдиль Байсалов.

Ол «Ресей Орталық Азия республикаларының сыртқы саясатына ықпал етуге тырысуы мүмкін» деп қауіптенеді.

Орталық Азия енді терроризмге көп мән береді

Қазақстанның тұңғыш президенті қоры жанындағы әлем экономикасы мен саясаты институтының сарапшысы Жұмабек Сарабеков «Түркия мен Ресей арасындағы оқиғалар Қазақстанға тікелей әсер етпеуі мүмкін» деп біледі.

"Былтыр Бодрумдағы саммитте Нұрсұлтан Назарбаев Түркияның ЕАЭО-ға қауымдастырылған мүше болу мүмкіндігі туралы жариялаған. Анкара да мүдделі екендігін білдірген. Енді керісінше ЕАЭО мен Түркия арасындағы сауда режимін жеңілдету туралы келіссөздер тоқтауы ықтимал", – дейді ол.

Әзірше Ресей тарабынан қатаң іс-қимыл болмағанын айтқан Жұмабек Сарабеков «қандай да бір қорытынды жасауға ерте» екенін ескертеді.

"Бірақ бұл оқиғадан кейін Сирия мәселесі бойынша ортақ ұстанымға келу қиындап, дағдарысты реттеу біршама ұзап кетуі ғажап емес. Бұл Сириядағы экстремистік топтарға ыңғайлы. Сондықтан Орталық Азия республикалары терроризммен байланысты қауіпсіздік мәселелеріне көбірек назар аударатын болады", – дейді ол.

Жұмабек Сарабеков сириялық оппозиция өкілдерінің қатысуымен Астанада екі рет келіссөз өткізген Қазақстан Ресей мен Түркияны мәмілеге шақыруы үшін биыл өзі төрағалық ететін түркітілдес мемлекеттер ұйымының платформасын да пайдалануы ықтимал деп болжайды.

«Анкара мен Мәскеу дауында Астана ара ағайындық жасауға ұмтылуы мүмкін» деген пікірді Орталық Азия бойынша зерттеулер орталығының директоры Наргис Касенова да қостайды.

"Ресей президентімен де, Түркия президентімен де жақсы қарым-қатынастағы Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл жолы да дипломатиялық мәмілегерлік шеберлігін байқап көруіне мүмкіндік бар", – дейді Қазақстанның былтыр басталған Ресей-Украина жанжалында ара ағайын болуға бірнеше рет пейіл білдіргенін еске алған сарапшы.

Ресейдің әскери ұшақтары Сириядағы «Ислам мемлекеті» (ИМ) ұйымымен және оппозициялық топтармен соғысып жатқан президент Асадқа қолдау көрсету мақсатында қыркүйектің соңынан бастап ол елдегі операцияларға қатыса бастаған. Ал НАТО-ға мүше Түркия былтырдан бері АҚШ бастаған коалициямен бірге ИМ-ге қарсы операцияларға кірісіп келеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/968807-turkiya-resey-zhanzhalynynh-ortalyq-aziya.html