RU

Қызылордада 9 бала тапқан батыр ана басшыларды азынаған суық үйінде қонып кетуге шақырды

Қызылорда қаласында батыр ана төріне төсек салып, жергілікті басшыларды үйіне қонып кетуге шақырды. Тоғыз баласымен апатты үйде отырған анаға қалалық әкімдік қызметкерлері көмек ретінде пеш салып берген.

Алайда пештен ақау шығып, иіс тиген соң бүкіл  отбасымызбен ауруханаға түстік дейді ана.

Шолпан Саймова  тоғыз баласымен  жылуы жоқ баспанада үш қысты өткеріпті. Оның айтуынша, қылышын сүйреген қыс басталса болды, балалары бірінен соң бірі ауырып, ауруханадан шықпайды екен.

"Нұр Отанның" басшысын, қала әкімінің орынбасарын осы үйге қондырайын. Үйіміз мұздай,  үрлесек ауызымыздан бу шығады", - дейді ашынған ана.

Қазірде Шолпан азынап тұрған суық үйінің бір бөлмесіне басшыларға арнап  төсек салып қойған. Мақсаты - қаршадай балаларымен жылуы жоқ баспанада қалай күн кешіп жатқанын ақ жағалыларға көрсету.

"Балаларымның бәрі ауырып жатыр. Ал сіздер жатып көріңіздер. Мына төсекті салып қойдым. Сіздер қонып көріңіздер үйге", - дейді ол.

Өткен жылы басшылар батыр ананың отбасына жәрдем ретінде пеш салып берген. Алайда салған пештің пайдасына қарағанда зияны тиген.

"Сонымен желтоқсан айында пеш салып берді әкімдік. Салып берген пеші мынау, дым түтін тартпайды. Пешті жарға қосып жіберген.  Соның ішіндегі қамысы, ағаштары жанып, біз иіс тиіп, өлімнен аман қалдық", - деді Шолпан Саймова.

Шолпан Саймованың үйіне келген партия өкілдері  батыр ананың жағдайынан бұрыннан  хабардар. Олар үй кезегінде тұрған анаға  пәтер берілген сәттен бастап  көмегімізді аямаймыз деп отыр.

"Ал егер де үй берілмеген жағдайда осы тұрып жатқан үйіне жылу жүйесін жүргізіп береміз", - деді  Қызылорда облыстық « Нұр Отан» партия филиалының қоғамдық қабылдау бөлімінің меңгерушісі Шәріп Әбдірахманов.

Ал жауапты мамандар үй кезегінде тұрған тұрғындарға салынып жатқан  баспаналардың құрылысы бітсе, Шолпан да балаларымен жаңа пәтерге қол жеткізуі мүмкін дейді.

Мамандардың айтуынша,  үй  кезегіндегі тұрғындарға арналған баспаналардың құрылысы әлі де жүргізіліп жатыр. Ал  тоғыз  құрсақ көтерген ананың  арманы қыстың көзі қырауға қалмай жылы баспанада қоныс тойын тойлау.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/970228-qyzylordada-9-bala-tapqan-batyr-ana-bas.html