RU

Назарбаевтар әулетімен 53 жыл көрші тұрған кейуана бала Сұлтанның қылықтары туралы айтып берді

Елбасының қара шаңырағымен 53 жыл көрші тұрған Евдокия Санжарова бала Сұлтан  туралы айтып берді деп хабарлайды 24.kz.

Жасы тоқсан беске келген кейуана Ақтөбе қаласында тұрады. Құдайы көрші Назарбаевтар әулетімен өте тату тұрғандарын айтады. 7 жасар Нұрсұлтан барлық мерекеде құттықтап келіп, көрші-көлемді риза қылатын дейді. Тұңғыш президент күні қарсаңында Евдокия әжей кішкентай Сұлтанның қылықтарын тағы да есіне түсірді.

«Біз бір отбасының адамдарындай болдық. Бір дастархан басында жиі бас қосып, арқа-жарқа әңгіме-дүкен құрып, бір-бірімізге қол ұшын беріп, қолдап жүрдік», - дейді әжей сол бір күндері есіне алып.

Нұрсұлтанның анасы Әлжан халық әндерін жатқа білетін, ол ән салғанда ұйып тыңдайтынбыз деп еске алды. Сұлтанның жетістігін сол берекелі отбасынан алған тәрбиенің жемісі санайды. Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш президентінің әр сөзін қалт жібермей, телеарнадан қарап отырады.

"Нұрсұлтанды телеарнадан көріп қалсам, үйдегілерді айқайлап шақырып аламын. Қараңдар, біздің Сұлтанды көрсетіп жатыр деймін. Қайта-қайта қараймын да, өткен кездерді еске аламын. Өте еңбекқор, қарапайым ата-анасын жиі есіме түсіремін. Қазір бір тыным таппайтын Сұлтанды іштей аяп отырамын", - дейді қала тұрғыны Евдокия Санжарова.

Кейуана бала Сұлтанның жаны нәзік, өте сезімтал болғанын айтады. Көршілердің балаларына қамқорлығы да мол болыпты. Дуся әжей отырғызған бақтан гүл теріп, өзгелерге сыйға тартады екен.

«Жалпы кісінің көңілін қалдырмайтын. Менің үйімде гүл көп болды. Бір күні Сұлтан келіп, гүлге қарап тұр екен. Немене, гүлді жақсы көресің бе?, - деп сұрадым. Ол басын изеді. 3 күннен кейін екеуміз гүл теруге шықтық. Құшағымызды толтырып гүл әкелдік. Сұлтанның білімге деген құштарлығын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес», - дейді кейуана.

Бала Сұлтан ержеткенде оқу іздеп, алысқа аттанды. Ізденісінің арқасында қызметке тұрып, абыройлы еңбек жолын бастады дейді.

«Ең бастысы – қандай биікке шықса да, біздерді ұмытқан жоқ», - деп толқыды әжей.

Президент Ақтөбеге сапары кезінде ауруханада жатқан Евдокия әжейдің көңілін сұрап шыққан еді.

«Көршісін ұмытпаған елбасына тек тілекшімін», - деді кейуана.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/971689-nazarbaevtar-auletimen-53-zhyl-korshi-tur.html