RU

Елбасы Астанада бас шыршаның шамын жақты

Бүгін, 1 желтоқсанда, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің бас шыршасының шамын жағу салтанатына қатысты. Биыл ұзындығы 25 метр шырша «Хан Шатыр» ойын сауық орталығының алдындағы мұз қалашығының аумағына орналастырылған.

Астанада бас шыршаның шырағын жағу салтанатына қатыса отырып, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев барша қазақстандықтарды келе жатқан Жаңа 2016 жылмен құттықтады.

"Барлықтарыңызды келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтаймын. Бүгін Астанада еліміздің бас шыршасының шамын жақтық. Тура бір айдан кейін жаңа жыл босағамыздан аттайды. Бір ай бойы барлығымыз армандап, жаңа жылға жаңа мақсаттар жоспарлаймыз. 2016 жылы барша қазақстандықтардың армандары орындалсын деп тілеймін", - деді елорда тұрғындары мен қала қонақтарын құттықтаған Мемлекет басшысы.

Айта кетейік, биыл ұзындығы 25 метр бас шырша елордадағы «Хан Шатыр» ойын сауық орталығының алдындағы мұз қалашығының аумағына орналастырылған. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев шыршаны көруге келген барлық отандастарын Қазақстанның кемел болашағы үшін еңбек етуге шақырды.

"Біз Отанымыз Қазақстанды жақсы көреміз, елордамыз Астананы мақтан етеміз. Жерімізді, өзен-суларымызды, тау-тасымызды, орман-көлдерімізді сүйеміз. Отансыз адам ормансыз бұлбұл деген. Барлықтарыңызды келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтаймын. Жұмыстарыңызға жеміс, оқуларыңызға сəттілік тілеймін. Бақытты болыңыздар!" - деді Назарбаев.

Мерекелік шоуға 2300-ден астам мектеп оқушысы, сондай-ақ қаланың белгілі шығармашылық ұжымдары қатысты. Бойшаң қуыршақтар, барабанды шоу, аққалалар оркестрі және, әрине, Аяз ата мен Ақшақар баршаны алдағы мерекелермен құттықтады.

Бүгінгі салтанатты іс-шара еліміздегі өтетін барлық мерекелік іс-шараларға бастау берді. Бас шырша жағылған соң іле-шала Астананың әр түпкірінде тағы да қырық шыршаның, сондай-ақ Қазақстанның барлық қалаларында шыршалардың шамдары жағылды. Елорда тұрғындары мен қала қонақтарына қысқы кезеңде мәдени-көріністік іс-шараларға мол бағдарлама әзірленген. Әр демалыс күндері мұз қалашықтарда концерттер, спортық жарыстар, мәнерлеп сырғанаудан шеберлік сыныптары, флэш-мобтар, жәрмеңкелерді және т.б. қамтитын қызықты әрі алуан түрлі бағдарлама ұсынылады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/973406-elbasy-astanada-bas-shyrshanynh-shamyn-zha.html