RU

СҚО-да ауыл тұрғындары 12 жылдан бері ішімдік ұрттап көрмеген

Солтүстік Қазақстан облысы Теңдік елді мекенінің тұрғындары 12 жылдан бері ішімдік ішіп көрмепті. Алкогольдің дүкен сөрелерінен жоғалғанына да талай жыл болған деп хабарлайды КТК арнасы.

Содан бері ауылда ұрлық-қарлық, қылмыс деген атымен жоқ. Той-томалақтары тек қымызбен өтеді екен. Облыс орталығынан шалғай жатқан Теңдік ауылында жүз шақты түтін бар. Жастар жағы жергілікті шаруа қожалығында жұмыс істейді. Ауылдағы айналдырған екі дүкенге арақ атаулының түспегеніне 10 жылдан асыпты.

"Осы Теңдікте 2006 жылдан бері тұрамын. Он жылдай, бірде бір рет арақ сатылғанын көрген емеспін. Өзім осы дүкенде жұмыс істегеніме екі жыл болды", - дейді сатушы Анар Амангелдіқызы.

Теңдік ауылында 2003 жылы бой көтерген мешіттің ашылу салтанатында қариялар ауылдықтарға арақты мүлде қою туралы үндеу тастаған. Содан бергі өткен 12 жылда тұрғындардың бірде бірі харам суды ауыздарына алып көрмепті. Арақ-шарап ішпейтін ауылда ірі қылмыс атаулы мүлдем тіркелмейді. Майда-шүйде түсінбеушілікті қариялар сырттан ешкімді араластырмай өздері шешеді екен.

"Бізде Теңдік ауылында ұсақ-түйек қылмыстар болады. Отбасына байланысты, ұрыстар. Оны біз ақсақалдар төрағасымен, ауылдың әкімімімен бірлесіп отырып шешеміз, медиацияға сәйкес", - дейді СҚО Теңдік ауылдық аймағының әкімі Рүстем Жұмағұлов.

Үш рет Меккеге барып келген Орынбай ақсақал 90-шы жылдары Теңдіктің дүние-мүлкін шашпай сақтап қалған. Нәтижесінде қазір тұрғындардың бәрі жұмыспен қамтылып отыр. Екі ұлын да арақсыз үйлендірдім дейді.

"Біз осында арақ мәселесін қойдық. Осы арақсыз өмір сүре аламыз ба деп едік,  өмір сүреді екенбіз. Бір ай шыдадық. Содан кейін бір жыл шыдадық. Содан міне осы уақытқа дейін шыдап келе жатырмыз", - дейді Теңдік ауылының тұрғыны Орынбай  қажы Әлжанов.

Қазір Қызылжар өңірінде екі елді мекен тұрғындары арақты мүлдем қойған екен. Оның бірі Мәдениет ауылы, екіншісі осы Теңдіктің жұртшылығы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/973485-sqo-da-auyl-turghyndary-12-zhyldan-beri-ish.html