RU

ОҚО прокуроры шенділерге жауап беремін деп, жаңа мақал ойлап тапты

Республика бойынша мектеп оқушыларының суицидке барушылар арасында Оңтүстік Қазақстан облысы көш бастап тұр. Әр апта сайын екі бала өз-өзіне қол жұмсайды. Бұл туралы "ТВК" арнасына сілтеме жасап rgmedia.kz  хабарлады.

Әлеуметтік желіде екі айда 300 оқушы суицидке үгіттейтін топтарға тіркелген. Ал облыс прокуроры Ибраһим Иманов  жасөспірімдердің суицидке баруына тек әлеуметтік желі  себеп емес екендігін ашып айтты. Өйткені жауапты мекемедегілер барлық жұмысты тек формальды түрде өткізеді екен.

Ал облыс әкімінің орынбасары Ерлан Айтаханов болса, білім беру мекемесіндегілерді арашалап алмақ болды. Мектептің жұмысы балаға білім беру екендігін, жұмыс деп балаларын ұмытқан ата-аналардың орнына ішкі істер органдарында мұғалімдердің жүгіріп жүргенін алға тартты.

Алайда облыс прокуроры билік өкіліне мақалдатып тұрып жауап қайтарды.

"Ұлды отыз үйден, қызды қырық үйден тыю" деген мақал бар. Ал оған тыйым салатын кім мемлекет тарапынан? Ол тек қана мектеп мұғалімдері. Үйде тыныш жүріп, қылығын түзде шығарады ұл-қыздар. Сол себептен мектептегі қызметкерлер оқушының қылтың-сылтыңын көрді ме, дереу шара қолдансын. Неге прокуратура тарапынан тиісті шара көруді күтуге тиіспіз?", - деді Иманов.

Еске сала кетейік, 30 қараш күні халыққа арнаған жолдауында елбасы да жаңа мақал айтқан болатын.

"Заманың қандай болса, бөркің сондай болсын" деген мақалды Назарбаев сәл өзгертіп, "Заманың қандай болса, дамбалың сондай болсын", - деп айтты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/973640-oqo-prokurory-oblys-akimininh-orynbas.html