RU

Шымкент әкімі жаңа нысан салатын орын таппай, 52 млн-ға салынған субұрқақты сүріп тастамақ

Шымкенттегі «Қызғалдақ» субұрқағы алынып тасталынады. Оның орнын заманауи талапқа сай жаңа нысан алмастырмақ.

Бұл туралы Шымкенттің әкімі Ғабидолла Әбдірахымов қалалық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында депутаттар алдында жайып салды деп хабарлайды NUR.KZ тілшісі.

Шаһар басшысының бұл сөзін халық қалаулылары қолдай кетті. Әкімнің айтуынша, бұл субұрқақ қаланың 2020 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму тұжырымдамасына сәйкес жаңарады.

Әзірге жаңа нысанның кескіні белгісіз. Айта кетейік, Тәуке хан мен Б.Момышұлы даңғылындағы «Жастар» аллеясы маңында орналасқан ерекше дизайндағы «Қызғалдық» бұл субұрқағы 2010 жылы Шымкент қаласының туған күні қарсаңында пайдалануға берілген.

Құрылыс жұмыстарын «Шымкентжилстрой» ЖШС жүргізген. Субұрқақтағы қызғалдақ салмағы 7 тонна. Биіктігі – 10 метр. Ал ондағы күлтелердің әрбірінің диаметрі 7 метрді құрайды. Ондағы қауыздың диаметрі 30 метрге жетеді.

Субұрқақ бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында салынған. Оған 52 млн теңге қаржы жұмсалған.

Бүгінде қала тұрғындары қыруар қаржының осылайша желге ұшатынына өкпелі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/974104-shymkent-akimi-zhanha-nysan-salatyn-oryn.html