RU

Алматыда 2 млн теңгеге салынған футбол алаңы екі айдың ішінде тозып кетті

Наурызбай ауданының тұрғындары ауладағы футбол алаңының сапасына наразы. 2 миллион теңге жұмсалған нысанның екі айдың ішінде тозығы жетіп, торлары тесілген.

Әу баста қуанған жұрт бүгінде бүлдіршіндерін мұнда жібермейді. Себебі сапасыз алаң бала өміріне қауіпті.

«Премьера» тұрғын үй кешеніндегі алғашқы футбол алаңы тұрғындардың көңілінен шықпапты. Жұрттың пікірінше, мұнда төселген жасыл кілем ойылған. Айналдыра қоршаған темір тор тесілген. Яғни, мұнда доп ойнауға келген балалар сүрініп құласа, бірден жарақат алуы мүмкін.

«Премьера» тұрғын үйі кешенінің 2 мыңға жуық тұрғыны пәтер иелері кооперативінің төрағасынан футбол алаңын салып беруді сұраған. Өтініштері орындалып, өткен қыркүйек айында нысан пайдалануға беріліпті. Сол сәтте қуанған жұрттың көңілі су сепкендей басылған бүгінде.

«Біз теледидардан, ғаламтордан қала әкімінің бастамасымен салынған футбол алаңдарын көріп тұрамыз. Оның сапасы қалай, қандай материал қолданылады. Барлығын білеміз. Алайда, біздің футбол алаңы бұл талаптардың барлығына сай келмейді. Жоспардағыдан әлдеқайда кіші»,- деді тұрғын Диляра Садырова.

Пәтер иелері кооперативі төрағасының айтуынша, футбол алаңын салуға 2 млн теңге жұмсалған. Қаржыны тұрғындардан жинапты. Төраға үшін нысан барлық талапқа сай екен. Қауіпті ештеңе де жоқ,- дейді ол. Жасыл төсеменің ойылып, қоршаулы тордың тесілгеніне тұрғындардың өздері кінәлі екен.

«Футбол алаңының мұндай жағдайға жетуіне тұрғындардың өздері кінәлі. Балалар мұнда футбол ойнап қана қоймай, жарақтарды сындырып кетеді. Құлыптап тастадық. Ол да болмады. Балалар алаңның қоршауынан секіріп кіріп, доп тебуді шығарды. Ең басында барлығы талапқа сай болған»,- деді "Премьера-29" ПИК төрағасы Серікбай Досов.

Тұрғындардан жиналған 2 млн теңгеге салынып, сапасы көңілден шықпаған футбол алаңы уақытша екен. Яғни, бұл жерге жоспар бойынша көлік тұрағы салынады. Алаң алдағы көктемде қайта бұзылмақ.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/974532-almatyda-2-mln-tenhgege-salynghan-futbol.html