RU

$1000, қымбат көлік, теледидар: Отандық жұлдыздардың ең ерекше сыйлықтары

Қазақстандық шоу-бизнесте өнері өрге домалап, жанкүйерлердің махаббатына бөленіп жүрген бақытты жұлдыздар қаншама. Бірі ғашық жандардың жүрек сырын шерткен махаббат хаттарын жиі алса, енді бірі үнемі тыңдармандардан сыйлық алып жүреді.

NUR.KZ тілшісі әртістердің өнерін ерекше бағалайтындар туралы әншілердің өз аузынан біліп көрді.

Нұржан Керменбаев

Ел арасында "Қапқарашка" болып аталып кеткен жас әншінің өнерінен бөлек, өмірі де қызыққа толы. Әншінің Нәзерке есімді жанкүйері қазірде Нұржанның жан жарына айналды. Әлеуметтік желі арқылы Керменбаевқа сезімін толассыз жеткізген бойжеткен кейіннен әртістің шаңырағына құтты келін боп қонды.

"Назеркені алғаш рет концертте көрдім. Үш рет кездескен соң, анама көрсеттім. Ол кісі таңдауымды ұнатып, екеуіміз отау құрдық", - дейді Керменбаев әңгімесінде.

Айта кетейік, жанкүйер қыз Нұржанды еңбекқорлығымен баурап алған. Артынан қалмай жүгірген қыздардың ішінде Назерке шынайылығымен көзге түскен. Әлеуметтік желі арқылы әншінің өнеріне, өзіне тәнті екенін көп жазған ару соңында Керменбаевты өзіне қаратқан.

Нұржан қазір де өзіне ессіз ғашық жанкүйерлердің әншінің үйіне келіп, кіреберістің қабырғасына түрлі сөздер жазып кететінін жасырмайды. Ал өнеріне ғашық жандардың тартуларының ішінде ерекше сыйлық деп Құран кітапты атап өтті.

Бүркіт

Ал әнші Бүркіт Аишаға үйленбес бұрын жанкүйерлерден тыным болмайтынын алға тартады. Әншінің өнеріне адал тыңдармандар сыйлықтарын Бүркіттің жұбайы Аишадан да аянып қалмайтын көрінеді.

Бүркіттің айтуынша, жақында Өскеменде өткен концертте жанкүйерлер әншінің жарына моншақтан жасалған алма сыйға берген. Ал өткен жылы Мақсат есімді тыңдарман жұлдызды жұпқа үлкен диагональды теледидар сыйлаған.

"Бұрын ғашық қыздар көп еді ғой, Аишаға үйленген соң олар маған сезімін білдіруге ұялады", - дейді Бүркіт.

Әнші жанкүйерлердің махаббатынан гөрі оның өнерін шын қадірлейтін өнердегі әріптестерін жоғары бағалайтынын да айтып өтті. Әділ Шаяхметов атты ел ағасы Бүркіттің "Тау-тау сезім" бейнебаянын түсіруге қолдау көрсетіп, Кубаға ұшу билеттерін де өзі алып беріпті.

Ал халықтың сүйікті әншісі Мақпал Жүнісова Бүркіттің алғаш әке атанғанын естігенде, оған 1000 доллар көлемінде көрімдігін беріпті. Қуанышты хабарды ести сала, жомарт әнші жүргізушісін дереу жіберіп, тартуын Бүркіттің үйіне жеткізіп берген.

Айқын

Әнші Айқынның жанкүйерлері де жақсы көретін әртісі үшін ұйқысыз түндерді бастан кешеді, әншіні концерттен кейін сабылып күтеді. Ал сүйікті әртісі ұстатпай кетсе, көлігінің артынан ізін аңдып жүреді.

"Есімде қалғаны, бірде жас қыздар артымыздан 60 шақырым жүріп отырып, жол бойы әндерімді айғайлатып қойды", - дейді Айқын әңгіме барысында.

Әншінің айтуынша, сезім иелері Айқынға ғашықтық хаттарын жиі жолдайды, жұмсақ ойыншықтар сыйға тартады. Бірақ, әртістің өміріндегі ең бағалы сыйлықты бұрынғы Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов жасаған екен. Алматы туралы үздік ән айтқан Айқынға экс-басшы жапондық көліктің кілтін ұстатқан.

Дастан Оразбеков

Қазақ эстрадасының сымбатты жігіттерінің бірі Дастан Оразбеков даусымен ғана емес, актерлік шеберлігімен де талай қыздың жүрегін жаулап алған. Әртіске ессіз ғашық жанкүйерлердің тіпті өз тілі, терминдері де бар. Олар өздерін "Дастан әлемінің тұрғындары" деп атайды. Олар Дастансыз әлемді елестете алмайды және елестеткісі де келмейді.

Тіпті Айым Асыл есімді бойжеткен кумиріне еліктегені сонша, әлеуметтік парақшасын да Dastanello секілді Aiymello деп атап, өзінің "дастанемия", "дастанитоз" жазылмайтын ауруына шалдыққанын айтады.

Жанкүйерлер арасында бұл дерттің "дастанитоз", "дастанимоз", "гиподастанемия", "дастаникоз" деген өзге баламалары да бар көрінеді.

"Орда" тобының солисін мінсіз сүйетін жас қыздар әнші туралы ешкімге жаман пікір айтқызбайтынын, ондай қаскөйлердің мұрнын бұзуға дайын екенін әркез ескертіп қояды. Олар Дастанның барлық әнінің сөзін жатқа біледі және әрқашан "Жаныңда болу бақыт" әнін ыңылдап айтып жүреді.

Бір қызығы, аталмыш жанкүйерлер тіпті әлеуметтік желілерде  Дастан Оразбековтың атынан ашылған жалған парақшалардың көзін құртуға тырысады екен.

Ал әнші Мәдина Сәдуақасова мен Тамара Асардың өнерін бағалаушылар өнер иелеріне ат сыйлағанын көпшілік жақсы біледі.

Ал қазірде жанкүйер жандар шаңырақ көтерген жұлдызды отбасылардың жұбайларын да назардан тыс қалдырмайды. Мәселен, әртіс Тұрсынбек Қабатовтың жұбайы Мөлдір де теледидардан жақсы танылып, халықтың ықыласына бөленіп жүр. Оның биязылығына тәнті болған қарт ана, "Көңілашар" бағдарламасының тұрақты көрермені ақ ниетімен оған жүзігін сыйлаған.

91 жастағы қария Қабатовтың бағдарламасының түсірілімінде таңғы оннан түнгі бірге дейін шаршамай, жанкүйер болып отырады екен.

Қайрат Нұртас

Ал Қайрат Нұртасқа өлердей ғашық бойжеткен үйінің бәрін әншінің суретіне толтырып тастаған. Жанкүйер тіпті ыдыс-аяқ пен жейделеріне және кітаптарына Қайрат Нұртастың суреттерін жабыстырып алған. Тырнағына шейін сүйікті әншісінің бейнесін бояп алған жас қыз өмірін Қайратсыз мүлдем елестете алмайды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/975113-otandyq-artisterdinh-essiz-ghashyq-zhank.html