RU

Горбачев Жириновскийге моральдық өтемақы ретінде 6 мың рубль төлейтін болды

Мәскеудің Тимирязев аудандық соты Либерал-демократиялық партияның жетекшісі, саясаткер Владимир Жириновскийдің СССР-дің соңғы басшысы Михаил Горбачев пен "Весь мир" баспасы үстінен берген «ар-намысы мен іскерлік беделін қорғау» туралы шағымын ішінара қанағаттандырды.

Жириновский Горбачевті оның 2014 жылы шыққан «После Кремля» деп аталатын кітабындағы өзіне қатысты пікірі үшін сотқа берген.

Сот Горбачевті Жириновскийге моральдық өтемақы ретінде 6300 рубль төлеуді, баспаны кітаптағы 1993 жылы мемлекеттік думаға сайлау кезінде "сайлаушылардың көпшілігі экстремистік ұрандар көтерген Жириновскийге дауыс бергені" туралы сөйлемді терістеуді міндеттеді.

Жириновский Горбачев пен баспаның әрқайсысынан моральдық өтемақы ретінде 500 мың рубльден жиыны 1 миллион рубль (шамамен 15 мың 200 АҚШ доллары) төлеуді және өзіне қатысты Горбачевтің кітапта жазған пікірлерін ресми түрде терістеуін талап етеді.

Горбачевтің кітабында Ресейдің ұлтшыл Либералды-демократиялық партиясының жетекшісі Жириновский бірнеше рет аталады. Горбачев Жириновский бірнеше рет «арандатушылық ұйымдастырған болуы мүмкін» деп, оның кейбір мәлімдемелерін «экстремистік» деп атаған.

"Весь мир" баспасы өкілінің пікірінше, Горбачев кітабында өзінің бағалау тұрғысындағы пайымдауын білдірген. Ал Горбачевтің адвокаты Жириновскийдің өз айтқандарын экстремистік идея емес деп дәлелдеуге тырысуы таңданыс тудыратынын айтады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/975236-gorbachev-zhirinovskiyge-moraldyq-ot.html