RU

ОҚО-да малды мылтықпен атып өлтіріп отырған ұрылардың әрекеті жаға ұстатты

ОҚО полицейлер Ордабасы ауданында мал ұрлады деген күдікпен үш азаматты қолға түсірді деп хабарлайды otyrar.kz.

Жыл басынан бері кезекші бөлімге мал ұрлығы бойынша жергілікті тұрғындардан 10-ға жуық арыз түскен. Үй жануарларының басым бөлігі жайылымда жүрген жерінен жоғалған.

Аудандық тәртіп сақшылары жедел іздестіру іс-шарасы барысында үш жергілікті тұрғынды ұстады. Үшеуі де 39 жаста. Біреуі бұған дейін де мал ұрлығымен сотты болған.

Тергеу барысында полицейлер күдіктілердің 15-тен астам мал ұрлығына қатысы барын анықтады. Олар түн ішінде «ВАЗ» автокөлігімен жайылымға келіп, қараусыз қалған малды сол жерде мылтықпен атып өлтіріп отырған екен. Содан кейін етін бөлшектеп, өздерінің таныстарына арзан бағамен сатып жіберіп отырған.

Мал иелеріне келген жалпы шығын көлемі 2 миллион теңгеден асып кетеді. Бұған қоса полиция қызметкерлері күдіктілерден етті заңсыз сатып алушыларды анықтады.

Осы жайт бойынша қылмысты кодекстің 188-бабымен (ұрлық) іс қозғалды. Айғақ зат ретінде автокөлік және аңшы мылтығы тәркіленіп алынды. Күдіктілер қамауда. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/975687-oqo-da-qaraqshylar-urlap-alghan-malyn.html