RU

Ақмола облысында өрісте жүрген жылқыларды атып кеткен қаскөйлерге іздеу жарияланды

Ақмола облысында өрісте жайылып жүрген үйірдегі бірнеше жылқыны әлдекімдер мылтықпен атып қырып кеткен. Арасында 1-2 айда төлдеуі тиіс биелер де бар деп хабарлайды КТК арнасы.

Жаға ұстататарлық оқиға Жамантұз ауылында болды. Қаскөйлер оқ тиген малды жайылымға қалдырыпты. Ал жылқышылар бұл кезде үйлеріне демалуға кеткен екен. Жұрттың ойынша, бұл малды егістігіне жайғызбау үшін жер иесінің жасаған қастандығы болуы мүмкін.

Тып-тынық дала тыныштығын бұзып атылған оқ 6 жылқыны жаралаған. Ақ қар қып-қызыл қанға боялып, қансыраған малды көрген жылқышылар бірден иелеріне хабар берді. Енді бірнеше ауыл тұрғыны жаралы жылқысын буаз екеніне қарамастан айдалада сойып жатыр.

Аяғынан жараланған екі жылқы ақсаңдап табынға ілесіп кеткен. Ал тағы оңбай оқ тиген екі малды иелері ауылға артып әкетті. Қиналып қансырап жатқан тай тіпті тұра алар емес. Болған жағдайды естіп көрші ауылдардан келген жылқышылар онсыз да үйірімен айдап әкететін барымташылардың тыныштық бермейтінін айтуда.

"Масқара мынау! Мынаны қалай тиятынымызды білмейміз. Қансырап жатыр малдар. Мұның қасында малшы болса, көлікпен келген адам оны да атып кететін еді", - дейді жылқышы Әбдірәшит Хасенов.

Машинамен келген адам кім екені әзірге белгісіз. Ал полиция тергеу жүргізіп жатыр. Жылқыға оқ атты деген күдіктілердің ішінде үйір бағылып жатқан жердің иелері де бар. Жылқышылардың айтуынша, жазда мал егістік алқапқа түсіп, арада дүрдараздық болған. Бұл соның кегі болуы да мүмкін дейді олар.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/976193-oriste-zhurgen-zhylqylardy-atyp-ketken.html