RU

Шенеуніктердің Назарбаев туралы ең үздік мақтаулары

Жақында ғана 1-желтоқсан күні айдарын асқақтатып, арқа-жарқа болып «Тұңғыш елбасы күнін» баршамыз өттік. Осы орайда Қазақстан президентіне айтылған шенеуніктердің ең үздік мақтауларын abai.kz басылымы тізіп шықты.

Қазақстандықтар басшысын мақтаудан дүниежүзінде үздік үштікке кіріпті. Алдымызды тек Солтүстік Корея мен Өзбекстан орап кеткен деп жазады басылым.

Бүгінде саясаткерлер арасында елбасын мақтаудан алдына жан салмай жүрген басшылар аз емес. Солардың кейбірін назарларыңызға ұсынамыз:

Владимир Нехорошев, экс-депутат (2011 ж)

«Қазір жұрт: Бұл адамның бойында күн бар, оның Нұр-сәулесі жолымызға жарығын түсіре берсін, дейді. Нұрсұлтан Әбішұлы Құдай берген данышпан. Оның Нұр-сәулесі елімізді одан әрі нұрландыра берсін».

Қанат Саудабаев, мәжіліс депутаты (2012 ж)

«Қазақстанның даму жолы мен Нұрсұлтан Назарбаевтың жаңа тәуелсіз мемлекет құрған стратегиясы, жасампаз еңбегі әлемдегі көптеген елдерде салмақты талдаулар мен терең зерттеулердің нысанына айналды».

Мұхтар Құл-Мұхамед, президенттің кеңесшісі (2012 ж)

«АҚШ үшін Джордж Вашингтон мен Томас Джефферсон қандай тұлға болса, Назарбаевта сондай деңгейдегі тұлға. Ешқандай көтермелеусіз-ақ, Назарбаев – барлық қазақстандықтар үшін елдің негізін салушы»

Бақытжан Жұмағұлов, экс-БҒМ (2012 ж)

«Планетарлық деңгейдегі саясаткер Нұрсұлтан Әбішұлының халықаралық деңгейдегі ұсыныстары қолдау тауып отыр. Болашақты болжаған Абай бабамыз қандай ұлы болса, халық, заман сынынан мүдірмей өтіп келе жатқан Назарбаев та сондай тұлға».

Смағұл Рахымбай, жазушы (2012 ж)

«Айтары жоқ, елбасымыз – расында қайталанбас қасиетті, дара тұлға».

Олжас Сүлейменов, ақын (2013 ж)

«Біз дамуымыздың 25 жылында жақындаған алтын қима – Ұлы саясаткер Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси өнері арқасында қол жеткізген үлкен табысымыз».

Әбсаттар қажы Дербісәлі, экс-бас мүфти (2013 ж)

«Хан Абылай мен өзге де сұлтандар қазақтың басын біріктіре алмай өмірден өтті. Олардың алдында қаншама рет халық ретінде жойылып кету қаупі тұрды. Халықты мұндай қауіптен құтқару Аланның қалауымен Нұрсұлтан Назарбаевқа бұйырды».

Арыстанбек Мұхамәдиұлы, Мәдениет және спорт министрі (2015 ж)

«Енді Нұрсұлтан Әбішұлы, шынын айтқанда бақытты кезде өмір сүріп жатырмыз ғой. Тәуелсіздіктің, сіздің арқаңызда»

Михаил Подоляков, Қостанай қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы, (2015 ж)

«Елбасы кез-келген мақтау сөзге лайық. Ол қарапайым, көпшіл адам. Жақсы және ақжарқын адамға тән қасиеттердің барлығы біздің елбасымыздың бойынан кездеседі. Сондықтан президентті жақсы көрмеу мүмкін емес».

Мырзатай Жолдасбеков, профессор, абыз (2015 ж)

«Менің “Кемеңгер” деген мақалам Тәуелсіздік мерекесінен бір күн бұрын шықты. Мен онда бәрін жазып едім. Таңертең Иманғали Тасмағанбетов қоңырау шалып, «Аға, құтты болсын. Мақалаңыз шығыпты. Керемет жазыпсыз» – деді. Артынша Нұрекеңнің өзі хабарласты. «Мырзеке сен Тәуелсіздіктің шежірешісі болдың деді». Мен де қуандым. Президенттен мұндай бағалану деген кез-келгеннің бағына бұйыра бермейді. Ол Алланың қазаққа берген сыйы».

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/976238-sheneunikterdinh-nazarbaev-turaly-enh-u.html