RU

Ресейден Кенесарының бас сүйегін сұрауға не кедергі?

Астанада желтоқсанның бірінен бастап «Эрмитаж күндері» өтіп жатыр. Осы орайда отандық журналист "Ресейдің Эрмитаж мұражайындағы Кенесарының бас сүйегін сұрауға не кедергі?" деген сауал тастады деп жазады qamshy.kz.

"Эрмитаж десе ең біріншіден есімізге қазақтың соңғы ханы Кенесары ханның бас сүйегі түседі. Өйткені, баһадүр бабамыз өлтірілгеннен кейін оның бас сүйегі аталған мұражайда сақталып келген болатын. Алайда қазақтың соңғы ханының бас сүйегін «Мәңгілік досымыздан» 25 жылдан бері ала алмай отырмыз. Десек те, тәуелсіздік алғалы бері Кенесарының бас сүйегін елге әкелу мәселесі назардан тыс қалған емес. Ал Эрмитаждың директоры Астанаға арнайы атбасын бұрған сәтте «Кенесарының бас сүйегі қайда?» деген сұрақ қайта көтеріле бастады", - деп сөзін бастады журналист.

Ол Кенесарының бас сүйегін сұрауды ұмытып кеткен Арыстанбек Мұхамедиұлын сынға алды.

"Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы - мәдениетке жауапты басшы ретінде Михайл Пиотровскийдың жанында ең көп болған азамат. Алайда ол бақыттан басы айналып жүріп Кенесарының бас сүйегін сұрауды ұмытып кетуі мүмкін. Тіпті, ол қазақта Кенесары сияқты хан өткенін білмейтін де шығар?", - деп жалғастырды автор.

Журналист осы мәселеге қатысты белгілі жазушы Думан Рамазанның пікірін ортаға салды.

"Кенесары ханның бас сүйегінің Санкт-Петерборға апарылып, өткен ғасырдың сексенінші жылдарына дейін Эрмитажда тұрғаны айдай ақиқат. Ғұлама ғалым Әлкей Марғұланнан бастап, оны көрген адамдар жетерлік. Ал одан кейін қайда кетті? Ол жағы тағы белгісіз! Біз Ресейдің бүкіл мұражайын сүзудей-ақ сүзіп шықтық. Бірақ, өкінішке қарай, айтарлықтай нәтижеге қолымыз жетпеді. Меніңше, Ресей ханның басының бізге қаншалықты бағалы, қадірлі, қасиетті екенін біліп, оны тығып қойғанға ұқсайды. Із Ресейдің мемлекеттік құпия қоймасына тартатын сияқты. Ханның бас сүйегін табуға болады, оның із-түзсіз жоғалып кетуі тіптен мүмкін емес. Тек оны қайтарып алудың бір-ақ жолы бар. Оған тек екі ел үкіметтерінің келісімі арқылы ғана қолымыз жетеді. Онсыз бәрі бекер", - дейді Думан Рамазан.

Журналист бақыттан басы айналып жүрген Арыстанбек Мұхамедиұлы бұл мәселені шеше ала ма деген сауалын тастады.

"Кенесары ханның бас сүйегі өткен ғасырдың сексенінші жылдарына дейін Эрмитажда тұрса, демек оны табу аса қиын емес. Алайда жазушы айтқандай, бұл мәселе тек екі ел үкіметтерінің келісімі арқылы жүзеге асады. Ал өз сөзінде Арыстанбек Мұхамедиұлы министрлік пен Эрмитаж арасында тығыз әріптестік қарым-қатынас орнатып жатқанын айтты. Осы әріптестіктің арқасында Кенесары ханның бас сүйегін елге әкеле алсақ, нұр үстіне нұр болар еді. Бұл игі іс биыл, яғни Қазақ хандығының 550 жылдығы аясында жүзеге асса, тіпті жақсы. Алайда, бақыттан басы айналып жүрген басшы бұл мәселені шеше алар ма екен? Әлде, адуын көршіден тарихи-мәдени маңызымен қатар саяси сипаты басым мәселе көтеруге жүрексіне ме? Ол жағы белгісіз. Бізге бір белгілісі ұлт рухының ұсытыны Кенесарының бас сүйегі елге міндетті түрде әкеліну керек", - деп түйіндеді автор.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/976250-reseyden-kenhesarynynh-bas-suyegin-sur.html