RU

Төрегелді Шарманов қазақтарға дұрыс тамақтану туралы айтып берді

Қазақтардың тамақтануда жіберетін басты қателіктері, дұрыс тамақтанудың тәртібі, ұзақ жасаудың сыры туралы «ҚазАқпарат»-қа берген сұхбатында Қазақ тағамтану академиясының академигі, медицина ғылымдарының докторы, профессор Төрегелді Шарманов айтып берді.

- Бүгінде тренажер залына барып жаттығу, дұрыс тамақтану қалыпты үрдіске айналып келеді. Осы орайда денсаулықты нығайту үшін тағы қандай шараларды жүзеге асырған дұрыс?

- Ұзақ өмір сүруге және денсаулықты нығайтуға өмір бойы ұмтылу керек. Өмірге дені сау ұрпақ әкелу үшін, оның денсаулығын, анасының құрсағында жатқан кезден бастап қамқорлыққа алу керек. Қазіргі таңда, майлы тамақты аз пайдаланып, көкөніс пен бидайдың төменгі сұрыптарын пайдаланған маңызды. Яғни, талшықты өнімдер пайдалы деген сөз. Жоғарғы сұрыпты ұннан жасалған нанды, қантты өте аз пайдалану қажет. Адамдар «майлы тамақ семіздікке әкеп соғады», - деп санайды. Жоқ, тек олар ғана емес. Қанттың көмірсулары мен құрамында қанты бар сұйықтықтарды аз пайдалану керек. Мысалы, кока-кола, пепси-кола, фаст-фуд, хот-догтар өте қауіпті. Қуырылған тамақтар жүрек-қан тамырлары ауруына, тіпті қатерлі ісік дертіне әкеп соқтырады. Қазір адамдар холестерині бар тамақтарды жеуден қорқады. Негізі олардың өздері қауіпті емес. Оларды қауіпті ететін транс-майлы қышқылдар. Бұл қышқылдар сиырдың сүтінде болады. Сондықтан, күніне кем дегенде 400 грамм көкөніс пен жеміс-жидектерді пайдалану қажет. Ал бізде бұл көрсеткіш әзірге жан басына шаққанда 150-200 грамнан аспайды. Бұл аз.

Негізі тамақта майлардың мөлшері 25-30 пайыз, ақуыздар - 11-13 пайыз, көмірсулар 55 пайызды құрауы керек. Тағы бір маңызды жәйттің бірі, ол - қимыл-қозғалыс. Негізі көп жүріп-тұру керек.

- Төрегелді Шарманұлы, өзіңіз қалай тамақтанасыз?

- Мен бұл жағынан қатал ережені сақтаймын. Таңертең міндетті түрде дене шынықтыру жаттығуларын жасаймын. Жүремін. Қыста тренажерлік залда жаттығамын. Кейін душ қабылдаймын. Бірінші жылы сумен, кейін мұздай сумен шайынамын. Таңертеңгілік асқа - бір қызанақ, бір қияр, бір болгар бұрышы немесе алма және кілегей қосылған шай. Ал нан, май, шұжық дегендерді жемеймін. Түсте тауық еті немесе жылқы еті салынып әзірленген сорпа ішемін. Қойдың етін татып алмаймын. Жалпы, қызыл етті көп жемеймін. Дегенмен, жылқының еті өте пайдалы. Биенің сүтін зарарсыздандыруға, яғни стерильдеуге және қайнатуға әсте болмайды. Себебі сапасын жоғалтады. Бұл өте нәзік сүт. Оның ақуызы ана сүтінің ақуызымен бірдей. Ал сиырдың сүтін қайнатпасаң, тазартпасаң тез бұзылады, ал қайнатсаң пайдалы қасиеттерін жоғалтады. Сондықтан мен сиырдың сүтін ішпеймін, одан жасалған ірімшікті жемеймін.

- Тәуелсіздік күні, Жаңа жыл мерекесі жақындап келеді. Мерекелік дастархан қандай болуы керек?

- Өте құнарлы және майлы тамақтардан бас тартқан жөн. Мереке өтеді де кетеді. Ал майлы тамақты көп жегеннен денсаулық сыр беруі мүмкін. Ұйқы безінің осыншама тамақты қорытуға шамасы жетпейді. Дегенмен, ферменті бар таблеткалар алып қойыңыздар. Салаттарды, балықтан және құс етінен жасалған тағамдарды көбірек жасаған абзал. Және әрине бауырды ойлау керек, яғни ішімдіктен мүлдем бас тарту керек.

Тағамтану академиясының президенті сонымен қатар белсенді қоспалар мен дәрумендерді дәрігермен кеңесіп, қабылдаған жөн деген кеңес береді. Ал базарда көбейіп кеткен гендік модификацияланған жемістерге қатысты ғалым "Мұндай өнімдердің өмірімізге мықтап енгендігін мойындау керек. Бір сөзбен айтқанда мұндай өнімдер адам ағзасына кері әсер ете алмайды", - деген пікірін білдірді.

 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/976286-toregeldi-sharmanov-qazaqtargha-durys.html