RU

17 жастағы бойжеткен дүкендердегі тым арық манекендерден кейін күйзеліске душар болды

Сән қуалап жүріп, қалай салмақ жоғалтқанын байқамай қалатын модельдер өскелең ұрпаққа өнеге болмауы тиіс. Ақыры анорексия дертіне шалдығып, кейде тіпті өмірімен қош айтысып жататын сәнбикелерге қарап жасалған манекендер испандықтардың наразылығын тудырды.

Қазір дүкендерден табылатын тым арық манекендердің алынып тасталуын жақтаған 100 мыңнан аса адам жаһандық Сhange.org сайтында бірлескен үндеуге қол қойыпты. Ал мұның барлығы каталониялық 17 жастағы Анна Риераның әрекетінен басталған. Ол өз қаласындағы Lefties брендіне тиесілі дүкенде тұрған тым арық манекенді көріп, қарсылық танытқан.

Аннаның айтуынша, дәл осындай манекендер жас буынның санасында сән әлемінің жалған идеалын қалыптастырып, оны да сондай кейіпке дейін арықтауға итермелейді. Мұндай әрекет адамның жалпы болмысына және табиғатқа қарсы. Қателік кесірінен жастар асқазанның түрлі ауруына шалдығып, анорексия, булимия және өзге дерттерге тап келіп жатады.

Ал кейбір жасөспірімдер үстіне құйып қойғандай киім киіліп тұрған манекендерді көріп, өзіне киім-кешектің солай жараспағанынан психологиялық күйзеліске душар болады. Сол себепті бастамашыл бойжеткен дүкендерден тым арық манекендерді алып тастауға үндеуде, деп жазады espanarusa.com.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/976475-17-zhasar-boyzhetken-dukendegi-tym-aryq-ma.html