RU

Отандық радиожүргізуші бақытты болу үшін жыныстық қатынасқа жиі түсу керектігін айтты

Танымал отандық радио және тележүргізуші Нұржан Еркінұлы бақытты болудың бір шарты жыныстық қатынасқа жиі түсуде екенін ашық айтты, деп жазады NUR.KZ Comode.kz-ке сілтеме жасап.

Алматыға келіп, барлық арманы орындалған, қазіргі өміріне көңілі толатын Нұржан өз түсінігіндегі адамды бақытты ететін бес шартты атап берді.

"Бақытты болудың бес шарты: әрқашан күлімсіреп жүру. Жылы үй. Тамақтың тоқ болуы. Киімнің бүтін болуы. Жыныстық қатынастың жиі болуы", - деп жауап берді Нұржан мүдірместен.

Бүгінде көрермендерге спорт комментаторы ретінде де жақсы танылған Нұржан 10 жыл бұрын Қызылордадан Алматыға оқуға түсуге келген. Туған өлкесінде жергілікті "СЕТА" радиосының жұлдызы атанған ол Алматыға келген соң, алғашында ешкімге керек болмай қалғанын баяндады.

Алғашқы тәжірибесін "Авторадиодан" бастаған Нұржан ауылдан қалаға келгенде біраз қиындықты басынан кешірген.

"Ауылдың адамдары қалаға тұрғындарына қарағанда жұмсақ, қарапайым. Бірақ, көрінген жерде қоқыс тастап, түкіре беретін жаман әдет те бар. Одан арылуға уақыт керек. Өзім де басына сондай болатынмын. Қазір әйелімнің көмегімен өзгердік қой", - деп еске алады өткен күндерді радиожүргізуші.

Бүгінде біраз жайттан ой түйген Нұржанның ауылдан келетін жастарға айтар кеңесі де бар. Мақсатына жеткен жүргізуші арман қуып қалаға келгендерді еш алаңдамауға шақырды.

"Біреу барған жерге сен де барғың келеді. Біреу киген киімді, сен де кию керексің. Біреу ұстаған телефоны сен де ұстағың келеді. Жастарға ондайдан аулақ болған жөн. Әр адамда үлкен мақсат болу керек", - дейді Нұржан.

Алматыға келіп, қолына ақша түсе сала, қымбат жерге барып, тамақ ішкенді ұнататын Нұржанның өз арманы француз мейрамханасын ашу екен. Ол Лондонда тұрса, Челсидің әрбір матчына қатысатынын да жайып салды.

"Арман керек. Үлкен-үлкен нәрселерді армандау керек. Менің барлық армандарым орындалды. Радиожүргізушісі болсам екен дедім. Болдым. Комментатор болсам ғой дедім. Комментатор болдым. Үйленсем екен, бір ұл, бір қызым боласа екен дедім. Бәрі де ойдағыдай орындалды. Мен неге сол кезде Назарбаевтың көмекшісі болуды армандамадым деп ойлаймын", - деді Нұржан сөз соңында.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/976484-otandyq-radiozhurgizushi-baqytty-bolu.html