RU

Қытай юані 18 теңгеге қымбаттап кетті

Есеп айырысу валютасы ретінде қытай юані көшбасшылар қатарында. Бұл туралы Қазақстан қор биржасының ресми өкілі Эльвира Сәрсенбаева құлағдар етті, деп хабарлайды "Іскерлер уақыты" бағдарламасы.

Оның айтуына қарағанда, ел экономикасын долларсыздандыру саясаты шеңберінде келешекте қос елдің ұлттық валюталарымен есеп айырысу мөлшері артатынына үміт бар. Санаққа қарасақ, Қазақстанда юань ай ауысқан сайын күшейіп келеді. Қытай валютасы жыл басынан бері шамамен 18 теңгеге қымбаттаған.

"Қазақстан қор биржасы макроэкономикадағы үрдістерді ескере отырып, еліміздің валюта нарығын дамыту үшін қадамдар жасап келеді. Осылайша, өткен жылдың 25 қыркүйегінен бастап валюта алаңында юань - теңге валюталық жұбының сауда-саттығы іске қосылды. Сол уақыттан бері сауданың мөлшері 50 миллион юаньға жуықтапты. Мәмілелер саны айтарлықтай көп емес, 343 құрап отыр. Алайда соңғы уақытта өсім байқалады. Қазақстан мен Қытай Халық Республика арасында тауар айналымының күшеюі теңге-юань қарым-қатынасын нығайта түседі",- деді «Қазақстан қор биржасы» АҚ сараптау және маркетинг бөлімінің басшысы Эльвира Сәрсенбаева.

Жалпы Қытай билігі халықаралық сауда-саттықта юаньді пайдалану туралы келісімдерді жиі жасайды. Жуырда ғана Халықаралық валюта қоры Қытай ақшасын мойындап, SDR қоржынына енгізген болатын. Сөйтіп доллар, еуро, жапон иенасы сынды валюталармен иық теңестірді.

"Халықаралық валюталар себетінен көрінуі бүгін-ертең доллардың орнын басады" дегенге сарапшылар күмәнмен қарап отыр. Олардың пайымдауынша, «әзірге юаньнің толық конвертациясы болады» деп дөп басып айту қиын. Тіпті, ресми Бейжіңнің ақша бірлігі еркін айналымға жіберілген де емес.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/977136-qytay-yuani-18-tenhgege-qymbattap-ketti.html