RU

Ресей Қазақстан шаруаларынан қызанақпен қамтамасыз етуді сұрап жатыр

Ресей Түркиядан жеткізілетін ауыл шаруашылық өнімдерінің орнын енді Қазақстанның тауарларымен алмастырмақ. Біздің көкөністерімізге көрші елдің сұранысы артқан деп хабарлайды "Астана" арнасы.

Оңтүстік Қазақстандағы жылыжай шаруашылығымен айналысушыларға мәскеулік әріптестері ұсыныспен шықты. Заманауи талапқа сай жылыжайдың жалпы аумағы 3 гектар. Жұмысын қаңтарда бастаған серіктестікте голландиялық қызанақтың үш түрі өсіріледі.

Әзірше еліміздің Оңтүстігі мен Солтүстік облыстарды қамтамасыз етіп келеміз дейді жылыжай өкілдері. Алғашқы жарты жылда мұнда тек қияр өсірілген. Ол кезде жиналған 550 тонна өнімнің 20 пайызы ғана Ресейге жіберіліпті.

"Қызанақтар қазір Ресей жақта жетіспей жатыр. Соны бізден өтініш қылып жатыр, біздің жылыжайлар өнімдерін сол жаққа жіберсін деп. Ал бір-екі күн келісім сөздер болады. Алып жатса, келісім дұрыс болса, желтоқсаннан Ресейге де шығамыз деп жоспарлап отырмыз", - дейді серіктестіктің  әкімшілік директоры Тоқсаба Тоқсанбаев.

Серіктестіктің бас директоры қызанақты дәл қазір жіберуге әзір екенін алға тартты.

"Шамамен 50-60 тонна қызанақты дәл қазір жіберуге әзірміз. Ал көктемде 700-800 тонна қияр алу жоспарда бар. Соның 500 тоннасын Ресейге экспорттауды жоспарлап отырмыз", - дейді серіктестіктің бас директоры Мұрат Гелашвили.

Оңтүстік Қазақстан облысындағы жылыжайлардың жалпы аумағы 1 мың гектардан асады. Олардан жыл соңына дейін 170 мың тоннадай өнім алу жоспарланып отыр. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мамандарының мәліметінше, жылыжайлардан жиылған 60 мың тоннадай өнім Ресей мен Белоруссияға экспортталды. Кәсіпкерлер тағы 25 мың тоннадай қияр мен қызанақты жөнелтуге қауқарлы.

"Ресей мынау Түркияның кәсіпкерлерін өздерінің базарларынан шығарған жағдайда, біздің кәсіпкерлер, біздің шаруа қожалықтары көкөніспен қамтамасыз етуге толық мүмкіндігі бар Ресейді", - дейді ОҚО ауыл шаруашылық басқармасының бас маманы Таңатар Жақыпбаев.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/977389-resey-qazaqstan-sharualarynan-qyzana.html