RU

Жаңаөзендегі жынойнақ үлкендердің жағасын ұстатты

Оның жұмысын тоқтатуға жергілікті билік қауқарсыз. Бұл туралы тұрғындардың бірі редакциямызға хабарласып, шағымданды.

Жаңаөзен қаласындағы «Ақбұлақ» шағынауданың ( бұрынғы Арай-1) 17-көшесінде тұратын тұрғындардың түн ұйқысынан маза қашқалы қашан. Биыл 30-мамырда қаланың қақ ортасынан ашылған «IZ ROVAL» деп аталатын түнгі клуб оларға сор болғандай.

Жынойнақтың жұмысы түн ортасынан кейін қызады. Әсіресе сенбі, жексенбі күндері. Әбден мазалары қашқан жасы үлкендер клуб ішіне бас сұққанда жағаларын ұстаған. Жалаңаш яғни анайы билейтін жігіттер мен өрімдей жас қыздардан аяқ алып жүре алмайтын көрінеді.

Осыны алға тартып және түнгі клубтың заңсыз ашылғанын айтып тұрғындар жергілікті билікке талай шағымданады. Клуб иелеріне уәж айтуға әкім де, қалалық депутат та қауқарсыз болған соң, тұрғындар Бас прокуратураға, ішкі істер министрлігіне де хат жолдаған.

Бір қызығы, олар да істі жылы жауып, үнсіз отыр. Жұмабаева Амангүл Кітапқызының атына тіркелген клубтың заңға қайшы әрекеттері толып жатыр. Біріншіден, құжатта кафе бар, сән салоны деп көрсетілген. Екіншіден бұл ғимараттың тұсында 10 мың киловаттан асатын тоқ өткізілген, жеке көліктұрағы да жоқ. Тұрғындардың ауласын автотұраққа айналдырған.

Жуырда тұрғындар түн жарымда жас қыздың жан дауысынан шошып оянды. Қандай жағдай болғанын кім білсін. Тұрғындар өздеріне ғана емес, болашақ ұрпақ үшін алаңдаулы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/978627-zhanhaozendegi-zhynoynaq-ulkenderdinh-zh.html