RU

Екатеринбург қазақтарының көбісі "Ресейді отаным деп санайды"

Екатеринбург қазақтарының көбісі "Ресейді отаным деп санайды". Ол жақтағы қазақтардың тынысын Арслан Баялинов атты азамат gonzo.kz-ке айтып берді.

Екатеринбург – Ресейдің ірі әкімшілік, мәдени, ғылым мен білім орталығы. Свердлов облысының бас қаласы федерацияның миллионер қалаларының қатарында, көпшілік арасында «Орал астанасы» деп аталып кеткен. 2010 жылы өткен жалпыресейлік халық санағының дерегінше облыста 4406 қазақ тұрады. Соңғы 8 жылда қазақтар саны тек үш адамға ғана өскен. Ал Екатеринбургтың өзінде 2002 жылғы мәліметтер бойынша 1085 қазақ тұрады. Аймақ көптеген ұлттардың басын қосқан. Қазақтардан бөлек, бұл жақта саны басым орыстар, украиндер, белорустар, башқұрттар және т.б. халықтар.

Екатеринбург қазақтарының тынысы жайлы әңгімелеген Арслан Баялинов Орал мемлекеттік заң университетінің Прокуратура институтының 4 курс студенті. Магнитогорск қаласының тумасы. Бүгінде онда ата-анасы мен туыстары тұрады. Төрт жылдан бері Екатеринбургте тұрып оқиды. Қазақстанда да туыстары бар. Бірнеше жыл бұрын әкесінің ағасы Астана қаласына көшіп кеткен. Қазір онда бизнеспен айналысады.

Қай отандасымызға да «Қазақстанға келу ойыңда бар ма?» деген сауал қоятынымыз жасырын емес. Бұл сұраққа Арслан былай деп жауап қатты:

«Өмірімнің белгілі бір кезеңінде Қазақстанға кетіп қалу туралы ойланатынмын. Алайда, осында менің отбасым, туыстарым тұрады. Сондай-ақ өзіме алған міндеттемем бар. Мен Ресей прокуратурасымен келісім-шартқа отырдым. Ол бойынша оқуымды аяқтаған соң прокуратура органдарында бес жылдан кем емес мерзімде қызмет атқаруым тиіс», - дейді ол.

Отандасымыз Қазақстан туралы жаңалықтардан үнемі хабардар болып отырады. Әсіресе, қазіргі экономикалық ахуалға алаңдаулы.

«Теңгенің осыншама деңгейге төмендеуі мені қатты алаңдатады. Одан бөлек, Қазақстан президенті сайлауын жіті бақыладым. Жалпы, Қазақстан туралы жаңалықтарды біліп отыру қызықты ғой», - дейді Арслан.

Болашақ прокурор Екатеринбург қазақтарының еліміздегі қазақтардан аса үлкен айырмашылығы жоқ екенін айтады. Тек біздегі даңғаза тойларға таң қалады. Себебі, Ресейде тойды барынша қарапайым түрде, отбасының мүмкіндігіне қарап өткізеді. Көрпеңе қарай көсілуді біледі. Ешкім біреуден асып ұлан-асыр той-мереке ұйымдастыруды мақсат етпейтін көрінеді. «Бірақ, кешігу Екатеринбург қазағына да ортақ, қанымызда бар» дейді ол.

Қазақ тілі туралы сұраққа Арслан өзінің ана тілін жақсы меңгергенін әлі ұмытпағанын жеткізді.

«Мен қазақ тілін білемін. Алайда, тұрақты түрде сөйлемегендіктен, кейбір сөз тіркестерін ұмытып қалып жатамын. Бір-екі күн таза қазақша сөйлессем, бәрі де «қалпына» келеді. Негізі жанұямызда орысша да, қазақша да тіледесеміз. Менің жақындарым, достарым қазақ тілін әрқалай біледі. Алайда, тіл мәселесі біздің жақта ушығып тұрған жоқ», - дейді ол.

Ресейдегі қазақ шаңырақтарында ұлттық тағамдар әрқашан дастарханның төрінен орын алады. Мейрам кездерінде ет асылса, әр жұма сайын бауырсақ пісіріледі екен.

Жалпы, Екатеринбург қазақтары әр салада қызмет атқарады. Бірі оқуда, екіншісі қоғамдық жұмыспен, кейбірі бизнес саласының майталманы. Бірақ, көпшілігі соңғы уақытта мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге тырысады. Өйткені, қазіргі заманда кез келген азамат тұрақты табысты, кепілді әлеуметтік себетті, белгілі бір әлеуметтік мәртебені қалайды.

«Көбісі Ресейді  отаным деп санайды. Және бұны әділетті деп санаймын. Біз бұл жерде туып-өстік, отбасы мен жақындарымыз өмір сүреді. Мәселен, менің жанұям осы аймақтың тұрғындары. Кіші жүздің баласымын, ата-бабамыз ерте заманнан Жайық өзенінің бойынан қоныс тепкен. Сондықтан менің тарихи отаным осы - Орал жері», - деп әңгімесін қорытындылады Арслан Баялинов.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/978834-ekaterinburg-qazaqtarynynh-kobisi-re.html