RU

Шымкент әкімі лауазымды қызметте отырған 100 күнде не тындырды?

Өткен аптада Қазақстандағы ең үлкен қаланың бірін басқарып отырған Ғабидолла Рахматоллаұлының лауазымдағы қызметіне 100 күн толды. 3 айдан астам мерзімде шырайлы Шымқаланың басшысы нақты қандай жұмыстар атқарғанын NUR.KZ саралап көрді.

1. Шымкент қаласының 2020 жылға дейінгі даму жоспарын әзірледі

Қызметке кіріскен аз уақыттың ішінде жас әкім 70-ке жуық кездесу өткізген. Оның ішінде ардагерден бастап, қарапайым аудан тұрғындарына дейін бар. Шаһар басшысы жиын барысында жергілікті халықпен бірлесе отырып қала қонақтары мен жергілікті жұрттың өмір сүруіне ыңғайлы болуы үшін өзекті мәселелерді жіпке тізген. Осыған орай тұрғындарды толғандырған мегополисте қордаланған шаруаларды шешу үшін 5 жылдық жоспар құрылды. Тіпті, осы жоспарды уақытылы орындамасам "өз еркіммен жұмысымнан кетем" деп те халыққа уәде берді.

2. Қаланы жылумен қамтамасыз ету мәселесі шешілді

Шымкенттіктер биыл сәл болмағанда қыста жылусыз қала жаздады. Себебі монополист мекеменің қолданған табиғи газ қарызының көлемі артып кеткендіктен, мекеме жұмысы бірнеше ай бойы тоқтап қалған. Қала әкімі мекеме басшыларымен келіссөздер жүргізіп, қарызды өтеу мәселесі оң шешімін тапты. Сонымен бірге, «Әкімшілік-іскерлік орталығындағы» тұрғын үйлерді жылумен қамтамасыз ету үшін жеделдетіп су жаңа қазандық іске қосылып, қараша айында пайдалануға берілді. Шаһардағы құбыр жүйелерінің 85 пайызының тозығы жеткен. Осы мәселені шешу үшін құбырларды қала әкімдігі өзінің қарамағына қайта алды. Келер жылы жаңарту жұмыстарын бастамақ. Қазір Шымкент 100 пайызға жылумен қамтылған.

3. Жаңа «Халыққа қызмет көрсету орталығын» ашты

Қала әкімінің тікелей тапсырмасымен Абай ауданындағы «Қызылжар» елді-мекеніндегі тойхана ғимаратында, халыққа қызмет көрсету орталығы ашылды. Бұл 219 мың тұрғыны бар аудан үшін өте тиімді болды. Енді аудан тұрғындары бір құжатты алу үшін қала орталығына қарай сабылмайды.

4. Қала қоқыстан тазартылды

3 ай ішінде әкімнің бастамасымен  бірнеше рет бүкіл қалалық сенбілік өткізілді. Жиі ластанатын аймақтарға жасырын камера қойылып, қаладағы «қоқыс тастағыш» тұрғындар анықталып, ІІБ тарапынан әкімшілік жауапкерлікке тартылды. Сонымен қатар, тұрғындар арасынан өзі тұратын аумақтың санитарлық тазалығына жанашыр, белсенді тұрғындар анықталып, аудан әкімдіктеріне тазалық жағдайы жөнінде ақпарат беру үшін арнайы желілер іске қосылды. Қазір қала айтарлықтай қатты қалдықтан тазартылды.

5. 71 мың түп ағаш отырғызды

Шымкентті жанға жайлы, жасыл қала етемін деп жанталасқан жас әкім күз мезгілінде орталық саябақтармен демалыс орындарына және қала көшелеріне  71 мың дана көшет отырғызды. Мұндай үлкен көлемдегі ағаш көптеген қалалар үшін бірнеше жылдық норма болып саналады.

6. Жыртық жолдарды жаңартты

Қызметке кіріскен әкім бірінші күні-ақ қаланы жаяу аралап, жүргіншілер көп өтетін жолдарды көзімен көрді. Небары 3 ай ішінде тозығы жеткен 70 көше толықтай жаңартылса, ұзындығы 69,9 шақырым болатын даңғылға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді.

7. Шымкентте мектеп директорын енді халық таңдайды

Орта білім беру жүйесіндегі басқару әдісіне өзгерістер енгізді. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, басшылық жұмысының ашықтығы мен айқындығын қамтамасыз ету үшін әкімнің төрағалық етуімен мектеп директорларын енді арнайы комиссия тағайындайды. Комиссия құрамына қалалық білім бөлімінің өкілдері, қоғамдық ұйым мүшелері, білім беруге еңбегі сіңген мектеп және жоғары оқу орны ұстаздары, ата-аналар комитетінің өкілдері енгізіліп, конкурс барысы жергілікті БАҚ арқылы жария етіледі. Шымкенттің тарихында алғаш рет мектеп директорлары мектеп қабырғаларында емес, меритократия принциптерінің негіздеріне сәйкес ашық түрде тағайындалды.

8. Қалада тәртіп күшейтілді

Әкім көше қауіпсіздігін күшейтуді қолға алып, полицейлерге кез-келген құқық бұзған адамды оның қызметі мен шеніне қарамай, жауапкершілікке тартуды жіті қадағалайды. Нәтижесінде, әкімшілік құқық бұзушылық саласы бойынша қозғалған қылмыстардың саны 5 990-нан 11 283-ті құрап, өткен жылдың есепті кезеңімен салыстырғанда екі есеге артқан. Жол ережесін жиі бұзатын шымкенттіктер үшін бұл жағымсыз жаңалық болғанымен, қалада жол апаты сәл болса да азайып келеді. Тіпті қылмыскерлерді тез құрықтау үшін полицейлердің быразы велосипедпен жүріп қызмет етуге көшті.

9. Тұрғындарды тұншықтырған мал бордақылау қоралары қала сыртына көшірілді

Қаланың орталығындағы мал бордақылау мен сою бекеттері бірнеше жыл бойы шымкенттіктердің бас ауруына айналған болатын. Жағымсыз иістен ауа тыныстауға жарамсыз болды. Сонымен қатар тазалықты сақтамайтын кәсіпкерлер қала орталығында мал бордақылап, оны сою, ал қалдықтарын қаладағы су көздеріне төгіп келген. Ғабидолла Рахматоллаұлы «кәсіпорын ешқандай талапқа сай келмейді» деп шешім шығарып, мал бордақылау орталықтарын қала сыртына көшірді.

10. Жастар үшін Street Workout спорт алаңы ашылды 

Әкім қала жастарының қазіргі күнде танымалдылыққа айналған Street work out қозғалысы туралы ұсынысына құлақ асып, «Қошқар ата» демалыс аймағында алғашқы жаттығу алаңын ашты. Енді жастар осы орталықта спортпен тегін және қалаған уақытында шұғылдана алады.

11. Халықтың мұң-зары мен арызы қала басшысына дереу жету үшін жаңа қызметтер іске қосылды

Бүкіл қалалық whatsapp қызметі іске қосылды. Бұл қызмет бойынша түрғындар қалада болып жатқан түрлі мәселені шұғыл түрде әкімдікке ұсынып, оның жауабын алуға да мүмкіндік алды. Осы тектес қызмет түрі  тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қалалық ІІБ-да да іске қосылды. Әкімдікті қарауылдап тұратын қаһарлы күзетшілердің орнына жылы жүзді бойжеткендер қойылып, келушілерге ақыл-кеңс пен бағыт-бағдар беретін болды. Бұл да болса, жас әкімнің жаңа бастамасы. Сондай-ақ тұрғындардың шағымын тыңдап үлгеру үшін әкімнің қабылдау уақыты 4 есеге ұзартылды.

12. Қала бюджетінен қаржыландырылатын құрылыс нысандарына бейне камералар орнатылды

Бұл қала аумағындағы құрылысы жүргізіліп жатқан нысандардың барысын, сапасын, қарқынын үнемі қадағалап, мерзімінде аяқталуына бақылау жасауға мүмкіндік береді. Мысалы бір мектеп соғылып жатса, оның жұмысы қалай жүріп жатқанын тек әкім ғана емес, әкімдіктің кез-келген қызметкері, тіпті қала тұрғындары да бақылай алады.

13. Шымкент болашақта «шырайлы» ғана емес «ақылды» қала болады

«Болашақ» бағдарламасы бойынша білім алған Ғабидолла Рахматоллаұлының жоспарында Шымкентті адамдарға жайлы, ақылды қалаға айналдыру. Осы орайда  Шымкент пен Барселона ынтымақтастығына қол жеткізіліп, ақылды қала технологиясы, туризм мен кәсіпкерлікті дамыту бойынша іскерлік жұмыстарға білек сыбана кірісті. Жуырда шымкенттік қоғамдық көліктер бірыңғай электрондық билет жүйесіне ауысатын болады. Бұл – қала басшысының «ақылды қала» жобасындағы алғашқы қадамдарының бірі. Сондай-ақ аумағы  400 га астатын жерге Shymkent City іскерлік тұрғын үй жобасын салу үшін келіссөздер жүргізді.

Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар NUR.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез-келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакциямен байланысу қажет

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/979041-shymkent-akimi-lauazymdy-qyzmette-oty.html