RU

Handelsblatt: Ердоғанның ұлы «ДАИШ-тың мұнай министрі»

Түркия президенті Реджеп Тайып Ердоғанның ұлы Билал қағаз жүзінде мүлтіксіз түйіндемеге ие болып жүргенімен, оның өмірбаянында қара дақ болып тұрған жақтар жетіп-артылады. Бұл туралы Handelsblatt басылымына сілтеме жасап  ras.kz жазды.

Баспасөз құралының хабарлауынша, Ресейдің Билал Ердоғанның атына айыптаулар тағып жатуының өзі тым негізсіз емес.

Прокуратура Билалдың тарапына бірінші рет 2013 жылы назар аударды. Ол кезде үкімет басшысының ұлы болып жүрген кіші Ердоғанға әкесіне тиесілі қаржыны қолма-қол ақшаға айналдырғанына байланысты күдік түсті. Бұған Билал мен әкесі Тайыптың арасында телефон арқылы өрбіген диалог себеп болған. Онда премьер-әке ұлына «үйдегі қолма-қол ақшадан тездетіп құтылуды» тапсырады, деп жазады басылым.

2014 жылдың басында алты миллион доллар ақшаның төлемін сөз еткен келесі бір телефон әңгімесінің жазбасы пайда болды. Бірақ ақша кімнен келуі керек екені ашып айтылмаған. Дегенмен, БАҚ-тар оның мұнай құбыры құрылысын жүргізуге байланысты біреулердің әкеліп беретін парасы жөнінде болып отырғанын шамалап үлгерді. Ал Реджеп Ердоған кейін бұл айыптаулардан монтажбен жасалған «лас нәрсе» деп қана жалтарып кетті.

Биылғы қарашада Сирияның ақпарат министрі Омран Аз-Зоуби ДАИШ-тың мұнайларын Түркияға Билал Ердоғанның меншігі болып табылатын транспорт компаниясы тасымалдайтынын хабарлады. Оның айтуынша, Түркия президентінің ұлы сондай-ақ жихадшылардан шикізаттар мен тарихи құнды заттарды сатып алған. Басқалай айыптаулар бойынша, Билал жихадшылардың Ирак жерінде өздеріне қаратқан аймақтарынан ұрлаған мұнайларын сатып алып, Азия елдеріне қарай жөнелтіп тұрған. Осыған байланысты жергілікті БАҚ-тар оған «ДАИШ-тың мұнай министрі» деген ат қойған. Басылым түрік газеттерінің Билал корабльдерінің Сирия жағалауында не істеп жүргені туралы сұрақты бұған дейін талай қойып келгенін жазғанын алға тартады.

Сирия министрі Билал Ердоғанның ДАИШ мұнайымен сауда жасайтыны туралы деректің біраздан бері белгілі екенін де мәлімдейді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/979142-handelsblatt-erdoghannynh-uly-daish-tynh-munay-mini.html