RU

Енелерінен қорлық көріп, шапағатына бөленген келіндер өздері жайлы баяндады

Әрбір келін мен ененің қарым-қатынасы бөлек болғанымен, бір сценарий бойынша жүреді. Алайда Comode cіздерге бір-біріне ұқсамайтын екі оқиғаны ұсынып отыр.

24 жасында тұрмысқа шыққан Ақмарал енесінен көрген азаптарын жайып салды. Айтуынша, өзі ерте отбасын құрған. Жұбайымен бірін бірі сүйіп қосылса да өзін тұрмыста бақытты деп санамайды екен. Оған себепші - енесі.

"Ол ұлын тым қатты жақсы көреді. Менен қызғанады ма, білмеймін. Ұлы көңілсіз келсе, маған тиісіп қоймайды. Ұлы көлігін ұрып алса, мен кінәлімін. Ұлының жұмысында сәтсіз жағдайлар болса, мен оған дұрыс ақыл айтпаған болып шығамын. Ақыл айтып жатқанымды естіп қойса, тағы да "ер адамға әйел ақыл айтқанды қайдан көрдің" деп шығады. Аяғым ауыр болған кезде күйеуім үйге таң атқанда келді. Өзінің қайда болғанын дұрыс айта алмады. Әйтеуір, достарыммен қыдырдым деді. Сөзге келіп қалдық. Алайда, дауысымды көтермей сөйледім. Ата-енем естіп қоймасын деп. Әйтпесе, ұлының таң ата келгені ұят емес пе? Оның жағымсыз әрекетін жасырамын деп, өзім бәлеге қалдым. Енем менің көңілсіз жүргенімді көріп, алай да тиісті, бұлай да тиісті. Бәріне де "ия, мама" деп көне берген соң, ілінетін жер таппай ашық ұрыса бастады. "Менің ұлым ойын ойнап жүрген жоқ. Таң ата келсе, шаруасы болды" деді. Шамасы, біздің сөздерімізді әдейі тыңдап тұрған болуы керек. Әйтпесе, ұрсыспадық. Амалсыздан көндім. Қанша ызам келіп тұрса да, ұйқыдан тұрған күйеуіммен ренжіспей сөйлестім. Сол кезде ғана енем қайта жұмсарды", - дейді Ақмарал.

Ұзын сөздің қысқасы, соншалықты ұлын жақсы көретін енем, менің күйеуіме деген сезімімді біртіндеп сөндіріп келе жатыр дейді жас келін.

"Соңғы кезде анасы жақтай беретінін білетін ол қол көтере бастады. Енем мен атамның қарым-қатынасына ешкім кедергі болған емес. Бөлек тұрып, өз отбасын өздері көтерді. Енді неге менің отбасыма соншалықты тиісе береді екен? Неге ұлының ересек болуына кедергі жасайды? Мен қашанға дейін осылай жүре беремін? Басқа адам үшін ондай жағдай тумайды. Ол кезде одан артық ене жоқ. Бірақ мәселе оның ұлына келіп тірелген кезде одан жаман ене жоқ. Тиісіп-қашып жүргеннен жүйкем қозды. Кетіп қалайын десем, кішкентай қызымыз бар. Тығырықтан шығатын жол қандай?", - деп ол көпшілікке сауал тастайды.

Ал 27 жастағы Салтанаттың айтуынша, тұрмыс құрғанына 2 жыл болған. Ата-енесімен бірге тұрады. Екі жылдың ішінде отбасылық өмірдің ащысы мен тұщысын толық көрмесе де, келін мен ененің қарым-қатынасына көп нәрсе байланысты екен мойындайды.

"Менің жеке отбасымның бақыты - менің енем әрқашан да мені қолдап жүреді. Енеме ренішім жоқ. Ең бастысы, ол мені күйеуімнің алдында да әрқашан қолдап жүреді. Күйеуім түнде достарымен бір жерге жинала қалса, енем маған да қалыспа деп, бала, үй күтімін өзіне алады. "Күйеуіңнен қалыспа" дейді әрдайым. Бір күні күйеуім екеуіміз қатты ұрысып қалып, ол үйден кетіп қалды. Енем мені жұбатып, келесі күні оралған ұлына "барған жеріңе қайт" деді. Осыдан жарты жыл бұрын күйеуім ішімдікке беріліп кеткен кезде енем маған "Салтанат, мен сенің қиналып жүргеніңді білемін. Егер осындай адаммен ажырасамын десең, мен сені қолдаймын. Тек біздің үйде тұрсаң болды. Ал ол кетерге жер тапсын" деп күтпеген ақыл берді", - дейді Салтанат.

Салтанаттың сөзінше, анасы мен әйелі бір команда болғанын көрген еркек ешқайда кете алмайды екен.

"Амалсыздан ішімдікті де қойды, түнде қыдыруды да қойды, үйден кетіп қалатын әдетін де қойды. Енеме шынымен де ризамын. Қалған майда шаруаға тиісе берсе де, маңызды шаруада менің қасымнан табылатыны әлдеқайда артық. Себебі, ол менің отбасымның берекесі ғой. Төңкерілген ыдыс күйеуім мен менің арамызды еш алшақтата алмайды, маңызды емес. Оны түсінетін енеге тап болғаныма жаратушыға мың алғыс айтамын. Барлық енелерге де соны айтқым келеді. Ұлдарыңызды жақтай бермей, келініңізді қорғасаңыз, ұлыңыз бақытсыз болмайды. Қайта бір отбасын сақтап қалуға септігіңізді тигізесіз", - деп түйіндеді ойын Салтанат.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/979623-ene-men-kelinninh-ara-qatynasy.html