RU

ОҚО-да жыл сайын 500 мың теңге зекет беретін дүкенші халықтың сүйіспеншілігіне бөленуде

ОҚО-ның Сарыағаш ауданы Ошақты ауылындағы «Қазына» дүкенiнiң меңгерушiсi Қошқар Құрбанбаев жыл сайын 500 мың теңге зекет береді деп жазады Замана басылымы.

"Елiмiз тәуелсiздiк алғалы Шымкентте сауда жасадым. Ал 2004-жылы ауылға келiп, дүкен аштым. Бiрнеше адам жұмыспен қамтылды. Сөреде спирттi iшiмдiктен басқаның барлығы тұр. Киiм де, тұрмыстық заттар да бар. Сол арқылы жағдайым да түзелдi. Он жылдан берi намаз оқып, ораза тұтамын. Ауылымызда құрылысы аяқталмай қалған мешiттiң пайдалануға берiлуiне тiкелей атсалыстым. Жұмысым онша жүрмей тұрғанда да сол мешiттiң құрылысына қомақты қаражат бөлдiм. Бiрақ шығынды ойлағаным жоқ. Алла өзiнiң құлына бергiсi келсе еселеп бередi деген рас екен. Содан бастап менiң жұмысым жанданып жүре бердi. Қазiр жылына 500 мың теңге зекет беремiн. Қайырымдылық iс-шаралардың барлығына қатысамын", - дейді дүкенші.

Қошқар Құрбанбаевтың айтуынша, қарызын қайтармағандарды қудаламай, керісінше кешіре салады екен.

"Ауылда жағдайы төмен отбасылар аз емес. Олар да зат алғысы, киiнгiсi келедi. Бiрнешеуi ұрлық жасап ұсталды да. Бiрақ ешкiмдi полицияға берiп, шу шығарғаным жоқ. Олар соны түсiнiп, бүгiнде тұрақты клиентке айналды. Ақшасы жоқ болса, қарыз сұрайды. Төлесе төлейдi, төлей алмағандарын кешiре саламын. Бiреулер ақшаңды үш айдан кейiн беремiн деп ашық айтады. Тым-тырыс болып келмей кететiндер де жоқ емес. Бiрақ олар жетiскеннен солай iстейдi дейсiз бе? Жоқ болған соң қашатын шығар. Ондайларды көргенде ұялтып ақша сұраған емеспiн. Өзiм iштей жасаған қайырымдылығым болсын деп қоямын", - дейді Құрбанбаев.

Дүкенші дағдарыстың ауылын айналып өтпегенін, тіпті қарапайым халық ұлтарақ алуға ақша таппай жүргендерін де ашып айтты.

"Адамдар бүгiнде дүкеннен ұн, май, шекер және шайды ғана алып жүр. Соған қарағанда, артық ақшалары таусылған немесе әлдеқалай болады деп үнемдеуге көшкен. Бұрынғыдай алдында тұрғанды ала беретiндер азайды. Мен бағаны қымбаттатуға мүдделi емеспiн. Бiрақ бiр орында тұра беру мүмкiн емес қой. Сонда да баға көтеруге басқалардан кейiн кiрiсемiн. Себебi тауар қымбат болған сайын алушы азаяды. Ал адамдардың табысы кемiмесе, көбейген жоқ. Мысалы, ауылда ұлтарақ алуға ақша таппай жүргендер бар. Сондай кезде бағаны қымбаттатқаннан не пайда?", - дейді ол.

Мүмкiндiк болса өзгеге сауап iстегендi дұрыс көретiн Қошқар Құрбанбаев бүгiнде ауыл тұрғындарының алғысын арқалап отырған азамат екен. Ол мұндай жұмыстарды алдағы уақытта да жалғастыра беретiнiн айтады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/981749-zhyl-sayyn-500-mynh-tenhge-zeket-beretin-oqo.html