RU

Алматы облысында терісі сыпырылып түсіп жатқан бойжеткеннің анасы халықтан көмек сұрауда

Алматы облысы Қаратал ауданының тұрғыны Мадина Төменбаеваға шұғыл түрде көмек қажет. Он екі мүшесі сау қыздың кенеттен сіңірі тартылып, жүре алмай қалған.

Дәрігерлер уақыт оздырмай тез арада сіңірін создырып, ота жасату қажет деп отыр деп хабарлайды 31 арна.

Он екі мүшесі сау қыздың күтпеген жерден аяқ-қолының сіңірлері тартылып, қозғала алмай қалғанына биыл бесінші жыл. Мадина дертке шалдыққанда 18 жаста ғана еді. Ол кезде он бірінші сынып оқып жүрген. Мектеп бітіріп, студент атансам деп армандаған арудың қазіргі тілегі тек дертінен сауығып, бұрынғы қалпына қайта келу.

"Мен он бірінші сынып оқып жүрген кезімде 19 қыркүйек күні жаяу келдім үйге. Содан 20 қыркүйекте сабаққа шыққанымда буындарым ауыра бастады. Содан үйге келген соң жүре алмай қалдым", - дейді Қаратал ауданының тұрғыны Мадина Төменбаева.

Алғашында Мадина төсек тартып, қимылсыз қалған. Бірақ ауруға ерік бермей, үзіліссіз ем-шараның нәтижесінде қазір Мадина өздігінен қимылдай алады. Көп шаруаны біреудің көмегінсіз-ақ жасайтындай деңгейге жеткен. Дәрігерлердің айтуынша, Мадинаның аяғынан тұрып кетуіне мүмкіндік бар. Тартылған сіңірлерін создыру қажет. Немесе оны ота арқылы ауыстыруға болады. Ал Мадинаның аяғынан тік тұрып кетуіне Қытай дәрігерлері кепілдік беріп отыр.

"Осы қызыма жанашыр адамдар болса, қол үшін берсе деймін. Бәрі жоқшылыққа келіп тіреліп тұр. Өзімді де демейтін адамым жоқ. Бұның да демейтін ешкімі жоқ. Білмеймін не істейтінімді. Арманы көп, бірақ аяғын уқалай берсе терісі көшеді аяқтың, уақалай берсең кәдімгідей терісі сыпырыла бастайды. Моншаға түсірген кезде де қорқасың жуындыруға терілері сыпырылып кететін сияқты", - дейді Мадинаның анасы Тұрсынай Исағұлова.

Мадинаның анасы жетімдер үйінде өскен. Жолдасы қайтыс болыпты. Екі баласы бар. Қазір осы Мадинаның жағдайына байланысты қол-аяғы жіпсіз байланып, үйде отыр. Жалғыз басты ананың жатса-тұрса тілейтіні қызының сауығып кетіп, қайтадан қатарға қосылуы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/982187-almaty-oblysynda-terisi-sypyryl-tusi.html