RU

Ресейде өлім жазасы қайтадан қалпына келуі мүмкін

Ресей тергеу комитетінің төрағасы Александр Бастрыкин Ресейдің сот-процессуалдық саласына өлім жазасын айта әкелу мәселесін көтере бастады.

Бұл туралы «Вести.Ru» хабарлады деп жазады ras.kz.

«Либералдар мұны: «өлім жазасы керек пе, жоқ па, не жоғары, не артық, бұл христиандыққа келе ме, келмей ме» деген тұрғыдан қарап, талқылап жатыр. Бірақ менің жеке өзім, ең алдымен адам ретінде оны керек деп есептеймін. Осындай аса ауыр қылмыс жасаған адамдар жер басып жүруге тиіс емес», – деді ол журналистерге.

«Мен осындай ой білдіргенім үшін өзімді немесе өзім сияқты ойлайтындарды сынаушылардан қорықпаймын. Жәдігөйліктің керегі жоқ. Зұлымдық жазалануы керек. Бөтеннің өмірін алдың ба, әсіресе, кішкентай қорғансыз баланы өлтірдің бе, сол үшін дәл сондай жазаны сен де алуға тиісссің», – деп түсіндірді Бастрыкин өз позициясын.

Ол өзінің құқық қорғау органдарында 1975 жылдан бері жұмыс жасап келе жатқанын, сондықтан көп жылдық тәжірибесі арқылы мұндай адамдардың «бәрінен де аттап өте беретіндерін, тек өз өмірлерінен ғана аттап өте алмайтындарын» жақсы білетінін атап өтті.

«Біз өзіміз тұратын әлемнің қолданылып жүрген заңдарына бағынамыз. Тергеу комитеті барлық уақыттарда заңның шеңберінде жұмыс жасайды», – деді комитет басшысы.

Александр Бастрыкин өзінің бұл мәлімдемесін қарындасын қанышер педофилден қорғау барысында қаза тапқан удмуртиялық 13 жасар бала Андрей Касимовті еске түсіруге арналған шара барысында жасады. Марқұм жасөспірім бала осы жанқиярлық ерлігі арқылы Ресей президенті Владимир Путиннің жарлығы бойынша «Қаза табушыларды құтқарғаны үшін» медалімен наградталған.

Оқиға Удмуртияда 2014 жылғы қазан айында болған. Бала өзінің 11 жастағы қарындасымен бірге жоғалып кетеді. Кейінірек олардың мәйіттері Белезино кентінің жанынан табылады.

Тергеудің болжамы бойынша, қылмыскер ағалы-қарындасты балаларды орманға алдап апарған. Жасөспірім бала сол жерде өздерінен әлдеқайда үлкен еркектен қарындасын қорғап, ақтық демі шыққанша шайқасады.

«Ол қарындасын зорлықшыдан қорғай жүріп, қаза тапты», – деп мәлімдеді Удмуртия тергеу комитетіндегілер.

Екі баланы айуандықпен өлтірді деген күдік бұрын сотты болған Константин Русскихке түсті. Ол көп ұзамай қолға түсті. Биылғы мамыр айында Удмуртия жоғары соты Русскихті өмір бойы түрмеде отыру жазасын кесті.

Александр Бастрыкин мұндай айуандық жасаған адамның алуға тиісті жазасы біреу ғана болуы керек, ол – өлім, дегенді ашып айтып отыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/983399-reseyde-olim-zhazasy-qaytadan-qalpyna.html