RU

Сарапшы ислам діні туралы жазу үшін журналистерге Құранды оқып шығуға кеңес берді

Сарапшы отандық журналистерге ислам діні туралы жазу үшін кем дегенде Құранды оқып шығу керектігін айтты.

"Қазақстан халқының 70 пайызы мұсылман болғандықтан, асыл дініміз - ислам мен исламды жамылып, бүлік тудырып жүрген ұйымдарды ажырата білу үшін журналистер Құран Кәрімді оқып алғаны жөн", - дейді «Дін саласындағы өзекті мәселелерді жариялау жөніндегі ақпараттық жұмыстың қағидалары мен басымдықтары» атты тренинг барысында «Қазмедиа орталығы» басқару компаниясының жанындағы медиамектептің басшысы Дана Рысмұхамедова.

«Қазақстан халқының 70 пайызы мұсылман болғандықтан, суннит пен шииттің, салафит пен уахабшының кім екенін ажырата білу үшін журналистер асыл дініміз - исламдағы түсініктерден жалпылама хабардар болу керек. Менің ойымша, журналистер тым болмағанда Құранды оқып шығуы керек. Себебі, ислам дініндегі алауыздық осы білместіктен туындайды. Құранды білген журналист «ислам діні мынаны міндет етті» деген жалған ақпарат берушіге «жоқ, қасиетті Құранда бұл жоқ» деп төтеп бере алады. Дін саласына жазу үшін оқу керек, зерттеу керек және соны талдаудан өткізу керек», - дейді сарапшы.

Дана Рысмұхамедованың айтуынша, дінге қатысты кез келген ақпаратты ресми органдардан растап алу керек.

«Дін істері комитеті, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бар, сондықтан өзге салалардан қарағанда, дін мәселесін жазарда журналистер ресми мәлімдемеге жүгінгені дұрыс», - деді сөзін қорыта ол.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/983406-sarapshy-islam-dini-turaly-zhazu-ushin-zhu.html