RU

Дағдарыс кезінде қалай үнемдеу керек?

Бұрын қорқынышты естілетін дағдарыс сөзіне бүгінде халықтың құлағы әбден үйренді. Өйткені, күн сайын бұқаралық ақпарат құралдары арқылы дағдарыстың «қысып» жатқаны айтылып, шенділер халықты қатаң үнемдеуге шақыруда.

Теңге құлдырап, нан бағасы еркін айналымға жіберіліп, күн сайын азық-түлік бағасы өсіп жатқан кезде, қалай үнемдеуге болады?

NUR.KZ дағдарыс кезінде әр азамат біліп жүруі тиіс, тексерілген кеңестерді назарларыңызға ұсынады.

Өз бюджетіңізді анықтаңыз

Үнемдеудің ең алғашқы тәсілдерінің бірі – бюджетті анықтау. Жалақы берілетін күнді асыға күтетін кей азаматтардың айлығын санаулы күндердің ішінде жұмсап жіберетіні анық. Осыдан соң, келесі айлыққа қол жеткізгенше біраз қиналып, тіпті, өзгелерден қарыз сұрап кететін де сәттер болады. Мұндай қиындықты тудырмау үшін ақшаны ретімен жұмсап үйреніңіз. Мәселен, барлық шығындар тізімін жазып қоюды үйреніңіз. Тамаққа, киімге, жолыңызға кететін шығындарды түртіп қойып отырсаңыз, ақшаңыздың берекесіз жұмсалмауына себепкер боласыз.

Дүкенге барарда тізім жасап алыңыз

Дүкенге барғанда, өз ойлағаныңыздан әлдеқайда артық ақша жұмсап жіберетініңіз рас. Әсіресе, әйел адамдар көңілі қалаған нәрселерді алу үшін жоспарға да, әмиянға да қарамауы мүмкін. Сондықтан, дүкендердегі тауар жарнамаларына көп көз жүгіртпей, тек қажетті нәрселерді алуға дағдыланыңыз. Жеңілдікпен сатылатын дүниелердің де сіздің біршама ақшаңызды алып қалатынын ұмытпаңыз. Сонымен қатар, базар немесе супермаркеттерді аралағанда, балаңызды ертіп шықпаған жөн. Өйткені, баланың көңілін қалдырмаймын деп, шоколад пен тәтті сусындарға да біраз ақша жұмсауыңыз мүмкін.

Жарықты сөндіріп жүріңіз

Коммуналдық төлем да тұрғындардың қалтасын біраз жұқартып кетеді. Ай сайын келетін түбіртектегі сомадан шошынбау үшін, электр энергиясын үнемдеуді, суды орынсыз пайдаланбауды үйреніңіз. Газдың босқа жанып тұрмауына да көңіл бөліңіз. Бір бөлмеден екіншісіне өтерде жарықты сөндіріп кету аса қиын болмаса да, мұны елемейтіндер немесе жарықты өшіріп жүруді әдетке айналдырмағандар көп. Бұл елеусіз нәрсе болып көрінгенімен, ай соңында жалақыңыздың біраз бөлігін коммуналдық төлемге санап беруге тура келеді.

Дәмханалар мен мейрамханалардан және фаст-фудтан бас тартыңыз

Әрине, сүйіктіңізбен, отбасыңызбен және достармен мейрамханада көңіл көтерген, түскі асты дәмханадан немесе асханадан ішкен кімге де болса ұнары анық. Әйткенмен, мұндай отырыстар сіздің отбасылық бюджетіңізді де біраз ортайтып кетеді. Ірі қалалардағы ойын-сауық және сауда орталықтарды фаст-фуд үшін кезектер тұрғандардың саны дағдарыс кезінде де азайған емес. Тамақ ішіп, тоқ жүру үшін ақша аяуға болмайды дейтіндер бар. Алайда, күн сайын баға көтеріліп жатқан кезде, алдын алуға болатын мұндай шығындарға жол бермеген жөн. Жұмысқа түскі асты алып бару, үйден тамақты жиі дайындау қалтаңыздағы қаражатты біраз үнемдейді. Одан бөлек, фаст-фудтан бас тарту арқылы, денсаулығыңызға келетін зиянның да алдын аласыз.

Тойды шығынсыз өткізуге тырысыңыз

Дағдарыс кезінде той жасау ешкімге оңай тимесі анық. Алайда, ұл-қызы үйленеміз десе, ата-аналар той өткізуге асығады.  Егер амалын тапса, үлкен тойды да үнеммен өткізуге болады. Мысалы, шақырылатын қонақтар тізімін қысқартыңыз. Қазақ тойларында қонақтардың саны 300-ден асып жығылады. Мұншама адамды сыйдыру үшін үлкен тойхана жалдауға тура келеді. Ал үлкен тойханалардың құны мен дастарханды толтыруға сіздің той жасау үшін алған несиеңіздің өзі жетпеуі мүмкін. Ал қонақ санын азайтып, ең жақын деген адамдарыңызды шақырсаңыз, сіз жалға алатын тойхана көлемі де аса үлкен болмас еді. Бұл сіздің ақшаңызға әлдеқайда үнем болатынын ескеріңіз. Тойдан кейін де өмір барын, алған несиеңізді қайтару керектігін ұмытпаңыз.

 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/983553-dagdarys-kezinde-kalaj-ynemdeu-kerek.html