RU

Қазақстандық ер азаматтар әйелдерінің көңіліне қарамайтын болып шықты

Тұрмыстық мәселелерді шешу кезінде қолғабыс болатын ер азаматтарымен мақтанатын әйелдер қатары сиреген. Пәтерді жинап, ыдыс-аяқ жуып, шай құюға арланатын қазақстандық жігіттер сынның астында қалды.

Күйеулерінің көмектесіп күтіп, әбден жалыққан әйелдер әлеуметтік желіде өздерінің үй шаруаларымен айналысқан фотоларын жүктеп, флешмоб ұйымдастыруда.

«Бізде, қазақтарда, егер бала жаман жағымен көзге түссе, сенің балаң деп шыға келеді. Ал жақсы жағымен танылса, "папасының қызы" немесе ұлы деп мақтанады», - дейді Арай есімді тұрғын.

Арай ер азаматтардың үй шаруасына араласпайтынын, кір жуып, артынан төсек жинауды да үлкен жұмыс көретінін жасырмады. Тамақтанғаннан кейін үстелді жинау - оларға тіптен ұят шаруа. Дегенмен, әйеліне шай құюдан өзін кішірейіп қалмаймын деп санайтындар да жоқ емес.

Көптеген келіншектер күйеулерінің ақылдаспай, тапқан ақшасын жаратып жіберетініне шағымдануда. Олардың дені қаражатты туыстарына көмекке жібереді екен.

Мәселен, Динара күйеуінің тойдан кейін екі жыл бойы өз жалақысының негізгі бөлігін ата-анасы мен ажырасқан әпкесіне жіберіп отырғанына ренжулі. Ол күйеуінің ақшасына әпкесі қымбат киімдер мен жаңа телефон сатып алатынын да жақсы біледі екен.

Келіншек тек үшінші жылы ғана жолдасының тығылып, туыстарына ақша жіберіп отыратынын түсінген. Ер кісі, тіпті әпкесінің несиелерін төлеу үшін өзгелерден қарызға ақша алып жүрген екен. Бұл ерлі-зайыптылардың арасында кикілжің тудырған.

Психолог әрі бойжеткендерге жігіттерді "сындыруды" үйрететін маман Юрий Рейстің пікірінше, әйелдер әу-бастан сүйіктілерін еркелетіп, өздері күйеулерін "бастарына мінгізіп" алады.

Әмина өзінің күйеуінен қалыспай, жұмыс істеуден бөлек, үй шаруасын, баланы бағуды да толық өзі істеуге мәжбүр екенін айтуда. Енесімен бірге тұрса да, олардан да еш көмек жоқ дейді келіншек. Қайта аздап тынығуға бөлмесіне кірсе, енесі күн ұзаққа жоқсың деп кінә артатын көрінеді.

Күйеуі болса, анасының сөзін сөйлеп, әйеліне еш көмектеспейді екен. Жолдасының ажырасқан әпкесі де олармен бірге тұрып, ұрыс-керісімен Әминаны шаршатқан.

Әйелдер көбіне ер азаматтардың еркелігіне аналары кінәлі екенін алға тартты. Мәселен, Гүлмира баласына қарап, қолы босамаған кезде  қонаққа келген ата-енесіне қарауға көмектесуді өтінеді.  Ол кезде енесі ұлын әйелдердің шаруасын орындау үшін өсірмегенін айтып, жанжал шығарған екен.

Гүлмира әйелдеріне қолғабыс болуды ұят санамайтын ер азаматтар бар екеніне кәміл сенеді. Келіншек оған ең бастысы тәрбие мен отбасында әкесінің анасына қарым-қатынасы әсер ететінін айтуда.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/983942-qazaqstandyq-er-azamattar-ayelderge.html