RU

Алматы түбінде құлаған SCAT ұшағының апатына кінәлілер анықталды

2013 жылы 29 қаңтарда Алматы түбінде CRJ-200 жолаушылар ұшағының аптақа ұшырау оқиғасын сотқа дейінгі тергеу аяқталды деп хабарлады бүгін көліктегі бас прокуратура.

Құзырлы органның мәлімдеуінше, ұшақ апатына "нашар ауа-райында ұшақ төмен қарай құлдилап келе жатқанда ұшқыштардың ұшақты дұрыс басқармауы" себеп болған.

Инвестиция және даму министрлігі мамандары, қазақстандық және шетелдік мамандардан құралған комиссия ұшақ апатына себеп болуы мүмкін барлық болжамды тексерген.

"Ұшақ бортының компьютерінде жерге жақындап келе жатқаны туралы дабыл белгісі берілген соңғы минуттарда жұмыс істеу қабылетінен ішінра айырылған ұшақ командирі ұшақты басқармаған. Ал екінші ұшқыш құрылғылардағы мәліметтерді бақылаудың орнына диспетчермен байланысқа шығуға әрекеттенген", - делінген прокуратура таратқан ақпаратта.

Комиссия бұған қоса экипаждың бір-бірімен байланысы да "кемшін болғанын", олардың борт компьютеріндегі ескертуге "реакция білдірмегенін" және ұшақ командирінің ұшақты "операция жасалған соң айықпай, медициналық тексерусіз басқарғанын" айтады.

Бұған дейін Халықаралық авиация комитеті ұшақ апатына өздерінше зерттеген. Комитет сарапшылары зерттеу қорытындысында ұшақ апатына ұшақ командирінің іс-әрекеті, экипаж мүшелерінің психоэмоционалдық жай-күйі және экипаж құрамының медициналық тексеруден өту талабын орындамағаны себеп болуы ықтимал деген.

Ұшқыштар апат кезінде қаза тапқандықтан апатқа байланысты қозғалған "әуе көлігін пайдалану мен қозғалыс қауіпсіздігін бұзу" бабы бойынша қозғалған қылмыстық іс тоқтатылған.

Прокуратура ұшқыштар Қазақстанда мойындалмаған шетелдік оқу орталығында дайындалғанын және талап етілген көлемдегі жаттығу мен біліктілігін жетілдіруден өтпегенін айтады. Осыған байланысты SCAT әуе компаниясының ұшқыштар қызметінің директоры үстінен "әуе көлігін пайдалану мен ұшу қауіпсіздігі ережесін бұзу" бабы бойынша қозғалған іс Алматы қаласы Алмалы аудандық сотына жіберілген.​

SCAT әуе компаниясының Көкшетау - Алматы бағытындағы CRJ-200 ұшағы 2013 жылы Алматы маңындағы Қызылту ауылы жанына құлап, салдарынан 21 адам (16 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі) қаза тапқан.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/984366-prokuratura-almaty-tubinde-qulaghan-crj-200.html