RU

Қазақ журналисі көгілдір экранда қаптап кеткен Есентаеваның жобаларына шүйлікті

Мөлдір Нұрман есімді журналист бүгінгі таңда көгілдір экранды жаулап алған, бойында ұлттық идеологияның иісі де аңқымайтын Баян Есентаеваның жобаларын өткір сынады, деп жазады qamshy.kz.

Журналист кеңес өкіметі кезінде де «Қыз сыны», «Жігіт сұлтаны» сияқты байқаулар да, ақындар айтысы да тұрақты өткізілетінін айта келіп, тіпті, сол заманның киноларынан халықтың үні сайрап тұратынын баяндайды.

"Қыз сынына" қатысатын сұлулар камзол, бешпент киіп сахнаға шыққанда халқымыздың жоғары талғамы білінетін. Сымбат пен сәннен бөлек, ұршық иіріп, жүн түтіп, киіз басып, кілем тоқып нағыз сынға түсетін. Міне солар «қазақтың қызы» деген ғажап атқа лайық еді", - дейді журналист Мөлдір Нұрман.

Журналист кеңестік кезеңдегі "Қыз сыны" мен Есентаеваның «Қазақ аруы» байқауын салыстыра келе, қазіргі қыздар сайысында ұлттық бояу жоқ деген байлам жасайды. Оның айтуынша, өрімдей жас қыздар үстіне жалт-жұлт еткен етегі бар, кеуде-жеңі жоқ «шүберек» жапсырып, шашын жайып сахнаға шығады.

Автордың пікірінше, бойжеткендердің он саусағынан тамған ұлттың шеберлігі сынға түспейді. Әйтеуір, олар не актерлік, не әншілік өнерімен-ақ «Қазақ аруы» атанып жатыр.

"Баянның со-продюссерлері айтпақшы «сыртқы келбеті келісті болса, аузын дұрыстап ашса болғаны, әнші жасай салады. Баяни-жобадан туған қыздардың жібі түзу киім кигенін көрмейсің", - деп шүйлікті автор.

"Ол «жасаған» әншілер «жалаңаштанғаны» жетпегендей, «Қазақ аруларына» да стиль-сымақ жұқты. Басы-қасында Есентаева жүре берсе, «Қазақ аруы» - «Баян аруы» боп кетер. Жалпы, Баян жолаған жердің бәрінен қазақилықты ырым таппайсың", - деп наразылығын білдірді журналист.

Бұған қоса, автор белгілі продюсердің телехикаяларына тап берді. Есентаеваның сюжеттерін сорақы деп тапқан Мөлдір Баянды Sky-студия хабарында да аузына түскен сұрақтарын қойып, кәдімгі өсекті эфирге шығарды деп сынады.

«Жаңа жылдық кеште» әншілерге қазақша ән салдырып, құтылды. «Жанды дауыс» деген жобада еңкілдеп жылағаны жүзіңе күлкі үйіреді екен", - дейді автор.

Журналистің пікіріне сүйенсек, Баян Есентаеваның Girlsbаnd-і мен Boysbаnd-іне еліктеген өскелең ұрпақ бүгінде арып барады. «Қазақ аруына» қатысатын қыздар да әлгі Барбидің «клоны» іспетті. «Кешью» тобы қалай сахнаға шықты, солай қазақтың қаракөздері бой түзей бастаған.

Сөз соңында журналист Мәдениет министріне қазақ балаларының не тамашалап жүргенін саралауға қолқа салды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/984373-qazaq-zhurnalisi-kogildir-ekranda-qap.html