RU

Ресейде Илья Ильин 2 мәрте әлем рекордын жаңартып, жеңісін Тәуелсіздік күніне арнады (фото, видео)

Бүгін Грозный қаласында өткен Ауыр атлетика бойынша Ресей Федерациясы президентінің Кубогы үшін бесінші халықаралық турнирде ерлер арасындағы 105 келіге дейін салмақта бақ сынаған Илья Ильин 2 мәрте әлем рекордын жаңартты.

Илья алғашқы жұлқа көтеру сайысында 191 келіні бағындырып, бірінші орынға табан тіреген болатын. Ал екінші жаттығуда ол алғашқы мүмкіншілігінде-ақ қарсыластарынан оқ бойы озық болып, 231 келіні бағындырған болатын. Осыдан кейін алтын медаль Ильяның қанжығасын майлаған еді. Бірақ ол тәуекелге барып бірден 246 келіге тапсырыс берді және оны еркін еңсерді.

Есте болса, өткен жылы Алматыда өткен әлем чемпионатында Илья Ильин 242 келіні бағындырып, әлем рекордын орнатқан болатын. Ал араға бір жыл уақыт салып даңқты спортшымыз өз рекордын жаңартып отыр. Қос сайыстың нәтижесінде де Илья 437 келі көтеріп жаңа рекорд орнатты.

«Бұл жеңісімді елімнің Тәуелсіздік күніне арнаймын», - деді даңқты спортшы жарыс аяқталғаннан кейін.

Ал дәл осы салмақ санатында жарыс жолына шыққан тағы бір спортшымыз, әлем чемпионы Александр Зайчиков жұлқа көтеруде 190, серпе көтеруде 226 келіні бағындырды. Осылайша ол екі жаттығудың қорытындысында күміс медальді қанжығасына байлады. Үшінші орын екі жаттығуда 411 келі көтерген ресейлік зілтемірші Тимур Наниевке бұйырды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/985333-resey-prezidentininh-kubogy-ushin-otke.html