RU

Станимир Стойлов жылдың үздік бапкері атанды

Елімізде футбол маусымы аяқталды. Қазіргі кезде үздіктер анықталып жатыр. Қазақстан кәсіпқой футбол лигасы премьер-лиганың үздік бапкерін анықтады, деп хабарлайды BNews.kz.

Кәсіпқой футбол лигасы жылдың үздік бапкерін анықтау үшін премьер-лигада өнер көрсеткен 12 командаға сауалнама жүргізген. Дауыс беруге клуб басшысы, бас бапкер және команда капитандары қатысты. Ереже бойынша дауыс беруші үш үміткерді рет-ретімен орналастырады. Нәтижесінде бірінші бапкер үш ұпай, екіншісі – екі, үшіншісі – бір ұпай еншілейді.

Дауыс берудің қорытындысы бойынша «Астана» командасының бас бапкері Станимир Стойлов жеңімпаз атанды. Болгариялық маман биылғы маусымда елордалық командамен толағай табыстарға қол жеткізді. Екінші рет ішкі чемпионатта топ жарды, Қазақстан суперкубогын ұтты. Қазақстан кубогының финалына шықты. Ең бастысы УЕФА Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде өнер көрсетті. Стойлов дауыс беру қорытындысы бойынша 95 ұпай жинаған.

Сондай-ақ үздік үштіктің қатарында жақында ғана «Қайратпен» қош айтысқан Владимир Вайсс пен тағы бір болгариялық бапкер Димитар Димитров бар. Вайсс 66 ұпай еншілесе, Димитров 19 ұпайға ие болған. Одан бөлек, тізімге Владимир Муханов («Оқжетпес» 12 ұпай) пен Владимир Никитенко («Атырау» 12 ұпай) және Иоан Андоне («Ақтөбе» 2 ұпай) енген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/985628-stanimir-stoylov-zhyldynh-uzdik-bapker.html