RU

Назарбаев қазақстандықтарға жемқорлықпен қалай күресуге болатынын айтты

"Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы" жаңа заңға сəйкес, енді Қазақстанда шенеунік кəсіпкер беремін деген сыйлықты сатып алуға міндеттеледі. Кəсіпкер сатпаймын десе, алған сыйлығын мемлекетке тапсыруы керек.

Бұл туралы Қазақстан телеарналарына берген сұхбатында мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев мəлім етті.

"Мемлекеттік шенеуніктің мойнына бизнес атқаруы тиіс өте көп жұмыс жүктелген. Яғни, рұқсат беру мəселесінде. Мысалы, жер сатып алу үшін қалың қағаздың арасына кірген адам "қол қойдыру үшін бірдеңе беру керек шығар" деген ойға келеді. Бұл туралы сөз қозғалған сайын менің үнемі айтатын сөзім, халыққа қоятын сауалым біреу: "неге бересіздер?". Пара алушы бар да, пара беруші бар. Халық осыны көріп, неге ақпараттандырмайды? Қорқады деп айтуға болады. Сондықтан жемқорлықпен тұтастай бір халық болып күреспесек, оның тамыры кесілмейді. Бұл да бір мəдениет. Жемқорлық бүкіл елде кездеседі, жемқорлықты 100 пайыз жеңген ел жоқ. Бірақ жемқорлықпен күресте жақсы көрсеткішке қол жеткізген елдер бар, көрсеткіші нашар елдер бар", - деген Нұрсұлтан Назарбаев бір апта бұрын өзі қол қойған жаңа заңның басымдықтарына тоқталды.

"Бір апта бұрын мен "Жемқорлыққа қарсы күрес туралы" жаңа заңға қол қойдым. Біз əлемдік тəжірибені басшылыққа ала отырып, біраз мəселелерді, тіпті, сыйлық беру мəселесін нақтыладық. Егер біреуден сыйлық алғың келсе, онда сол сыйлықты сатып ал, тегін келсе, мемлекетке қайтар. Яғни, заң нормасы үстемдік құру керек. Екіншіден, электронды үкіметті дамыту мəселесі. Яғни, шенеунік пен кəсіпкер арасында тікелей байланыс болмайды. Қателеспесем, кəсіпкерлер қазір керек анықтамаларының 70 пайыздан астамын электронды түре ала алады. Яғни, шенеунікпен тікелей байланысқа шықпайды. Осы істі, құжат айналымының барлығын, рұқсат беру процестерінің барлығын электронды форматқа ауыстыру керек", - деді елбасы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/985792-nazarbaev-khalyqqa-zhemqorlyqpen-qala.html