RU

Айзада Авлатарованы ұрлаған ер кісі бойжеткеннің "жауапкершіліксіз ата-анасына" шүйлікті

Алматы облысында 3 желтоқсан күні жоғалған студент Айзада Авлатарованы ұрлаған ер кісі бойжеткеннің ата-анасына шүйлікті. Ол ата-аналар өздері қылмысқа бар жағдай жасап қойғаны соншалық, құрбанын аяп та кеткенін айтқан. Игорь Токаревпен «Время» басылымының тілшілері тілдесе алды деп хабарлайды NUR.KZ порталы.

Әу бастан күдікті кінәны өзгелерге артуға тырысуда.

«Сіздер өз балаларыңызды трассаға жалғыз не үшін жібересіздер? Оның үстіне такси ұстауға. Қоғамдық көлік бар емес пе - автобустар, маршруткалар! Мектепке, колледжге, ауылға, қалаға жалғыз жіберіп, қылмысқа өздеріңіз бар жағдайды жасап қоясыздар», - деп шүйлікті ер кісі.

Токаревтің айтуынша, ол бойжеткенді көріп қалып, тоқтаған.

«Маған Айзада бірден ұнап қалды. Сол бойда өзіме ие бола алмай, оны өзге бағытта алып кеттім. Ал кейін біреуге хабарласып жатқанын көргенімде ызаланып, оның ұялы телефонын тартып алдым. "Дыбыс шығаратын болсаң, турап тастаймын" дедім. Сөзіме сендіру үшін тамағына пышақ тақадым.  Ол қорқып қалды. Сосын дегеніме көнсең, өлтірмеймін дедім", - деп ағынан жарылды Токарев.

Алғашқы екі күнді олар көлікте өткізген. Қолда бар консервілермен тамақтанып, үшінші күні саяжайға барған. Күдікті сол маңда құрықталды.

«Бір нәрсе таң қалдырды. Жеті күн бойы қыз бала ләм-мим демеді, қарсылық көрсетпеді, маған дауыс та көтермеді. Дегенімнің бәріне көніп жүрді. Өзі сондай тәрбиелі екен. Тіпті, аяп та кеттім. Оны үйіне апарып тастағым да келді. Біз оның немере інісіне бара жаттық», - деп жалғастырды ол.

Күдікті тергеушілердің алдында аяқ-асты кешірім сұрауға кіріскен.

«Не дейін? Солай болып қалды... Егер біреудің жанын ауыртқан болсам, кешірім сұраймын» - деді ер кісі.

Қазір Токарев Іле ІІБ-нің уақытша оқшаулағышына қамалған. Есеңгіреген бойжеткенді ата-анасы үйіне алып кетті.

Еске салсақ, Айзада 3 желтоқсанда жоғалып кетіп, оны тек 10 желтоқсанда ғана таба алған. Айзада аман-есен, алайда қатты қорқып қалған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/986058-ayzada-avlatarovany-urlaghan-er-kisi-b.html