RU

Алматының айырбас нүктелерінде доллар 332 теңгеден сатылуда

Алматының айырбас нүктелерінде доллар бағамы бұрын болмаған деңгейге көтерілді. АҚШ валютасы 332 теңгеден сатылуда.

Алматыдағы ақша айырбастау орындары мен банктерде қазір доллар 330-332 теңге аралығында сатылып жатыр.

Kurs.kz сайтының мәліметіне сәйкес, долларды айрыбас нүктелердің дені 332 теңгеден сатуда. Ал сатып алу бағасы 323 теңгеден басталады.

Еске сала кетсек, Қазақстан үкіметі тамыздың 20-сы күні теңгені еркін айналымға жіберген. Қарашаның басында Қазақстан ұлттық банкінің басшысы ауысып, банк төрағасы болып Данияр Ақышев тағайындалған. 6 қарашада ұлттық банк алтын-валюта қорын сақтау үшін валюта нарығына араласуын азайтатынын мәлімдеген.

Бұдан соң теңге құны біршама төмендеген. Қарашаның басында 279 теңгеден асып тұрған доллардың орташа бағамы 11 желтоқсанда 313 теңге 99 тиынға жетіп, ең жоғары көрсеткішке жеткен болатын.

14 желтоқсан күні Қазақстан қор биржасындағы таңертеңгілік сауда (KASE) долларына 322,47 теңгені құрады.

Осылайша доллар жұма күнгі бағамен салыстырғанда 10,55  теңгеге қымбаттаған. Сауда көлемі 166,1 млн доллар болды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/986138-almatynynh-ayyrbas-nuktelerinde-doll-3.html