RU

Астана әкімі отандық өндірушілер дүкенінен тоқылған жемпір сатып алды (фото)

Бүгін Тәуелсіздік күні қарсаңында Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен Қазақстандағы тұңғыш отандық өнімдерді сату орталығы ашылды.

Елорда әкімі Әділбек Жақсыбеков «УниверMAG.kz» қазақстандық тауар өндірушілер дүкенінің алғашқы сатып алушыларының бірі болды деп хабарлайды astana.gov.kz.

Қазақстандық жеңіл өнеркәсіп саласының өкілдері бір сауда алаңында алғаш рет біріктіріліп отыр. Жаңа дүкеннің сөрелерінен үй тоқымасы мен балалар киімінен бастап, ерлер мен әйелдерге арналған іскерлік костюмдерге дейін, ұлттық киімдер, бас киім мен аяқ киім, шұлық өнімдері, спорттық киімдер орын тапты.

Жақсыбеков кәсіпкерлерді дүкеннің ашылуымен құттықтап, отандық бизнесті дамыту және қалыпты бәсекелестік үшін жағдай жасаудың маңыздылығын атап өтті.

«Бұл дер кезінде қабылданған шешім. Мемлекет басшысы қазақстандық құрамды ұлғайтуға әрдайым ерекше назар аударып келеді. Біздің өндірушілер жаңа сапалы деңгейге көтеріліп, қазақстандықтарға сапасы жағынан шетелдік тауарлардан артық болмаса, кем түспейтін өз өнімдерін ұсынуда. Баршаңызды құттықтаймын!»,– деді қала басшысы.

Орталық жұмысын бастаған күні 30 өндіруші өз өнімдерін сатылымға шығарып үлгерді. Солардың ішінде Саңыраулар қоғамы неке көйлектері мен ұлттық киімдерін сатылымға шығарса, астаналық шұлық фабрикасы мен киіз комбинаты, қарағандылық аяқ киім фабрикасы, шымкенттік «Алтын Адам» іскерлік костюмдер тігу фабрикасы, атыраулық трикотаж өнімдер фабрикасы, семейлік жейделер тігу фабрикасы, алматылық бас киімдер фабрикасы және тағы басқалар өз өнімдерін ұсынуда. Алдағы уақытта қазақстандық басқа да компаниялардың келуіне қарай «УниверMAG.kz» дүкенін кеңейту жоспарланған. Атап айтқанда, ерлерге және әйелдерге арналған залдар және тоқыма мен киім-кешек бөлімдері бөлек болады.

Қала әкімі тауар ассортиментімен танысып, әмбебап дүкеннің алғашқы сатып алушысы болды. Айта кетейік, отандық өнімдерді сатып алғандар бұл күні аз болған жоқ.

Әмбебап дүкеннің ауданы, қоймаларын қоса алғанда - 240 шаршы метр. Дүкенде бірыңғай касса жұмыс істейді. Жұмыс істеу кестесі: күн сайын сағат 10:00 - 21:00-ге дейін демалыссыз және үзіліссіз.

Кәсіпкерлердің айтуынша, жақын арада дүкеннің сайтында тиісті қызмет арқылы робот-кеңесшімен (Қазақстанда құрастырылған) сатып алушылар үшін онлайн-экскурсия өткізіледі.

Тәуелсіздік күніне және Сату орталығының ашылуына орай барлық қазақстандық тауар өндірушілер қайырымдылық акцияға қатысады. Тауарлардың бір бөлігі, ойыншықтар, мектеп формасы, аяқ киім мен шаналар Астана қаласының Балалар үйіне жөнелтіледі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/986752-astana-akimi-otandyq-ondirushiler-duk.html