RU

Болат Өтемұратов теннис федерациясын тағы төрт жыл басқаратын болды

Бүгін Қазақстан Респубикасының теннис Федерациясы жылды қорытындылап, төрт жыл мерзімге федерация президентін сайлады.

2019 жылға дейін теннис Федерациясының президенті болып Болат Өтемұратов қайта сайланды.

Ал, журналистерге сұхбат берген  Теннис федерациясының атқарушы директоры Диас Досқараев федерациясының атқарған жұмысы мен келер жылға арналған жоспарлары туралы ой бөлісті.

«Жылды қорытындылайтын болсам, Қазақстанның барлық облыс орталықтарында дерлік әлемдік стандарттарға сай теннис орталықтары салынды. Бүгінгі таңда теннис орталығы жоқ бір қала - СҚО орталығы - Петропавл қаласы. Біз сондай-ақ, қалаларда екінші теннис орталықтарын ашуды көздеп отырмыз. Себебі, қазірдің өзінде, ірі қалаларда теннис орталықтарының жаттықтырушылары тапшы»,-дейді Досқараев.

Оның айтуынша, федерация дағдарыс жағдайына қарамастан, бюджетін қысқартпайды. «Федерацияның бюджеті толықтай демеушілердің қаржысынан құралған. Федерация бюджетін қысқартпайды, керісінше, толықтыруы мүмкін. Жалпы, федерация сертификаты бар кәсіби жаттықтырушылар санын 87 адамнан 200 жаттықтырушыға дейін арттырды»,-деп хабарлады Досқараев.

Сөз соңында, ол федерация балалар теннисін дамытуға зор көңіл бөлетінін хабарлады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/987190-bolat-otemuratov-tennis-federaciyasy.html