RU

Ақтауда шәйханадағы жарылыстан зардап шеккен ер адам ес-түссіз жатыр

Газ баллонының жарылуынан зардап шеккен 46 жастағы ақтаулық азаматтың жағдайын дәрігерлер ауыр деп отыр.

Науқас аурухананың жансақтау бөлімінде ес-түссіз жатыр. Бірнеше жерінен жараланған азаматтың денесінің біраз бөлігін күйік шалған.

"Бірлескен жарақаттар алған: бас миының жарақаттары, сол жақ ортан жіліктің сынығы, кеуде жарақаттарымен түскен. Жағдайы ауыр. Қазір қажетті ем-шаралар жүргізіліп жатыр", - дейді Маңғыстау облыстық ауруханасының бөлім меңгерушісі Жансерік Шаухымбердиев.

Оқыс оқиға сенбі күні таңертең болған. Алдын-ала мәлімет бойынша, өндірістік база аумағында орналасқан шәйханада газ баллоны жарылған. Оқиға орнына бірнеше өрт сөндіру көлігі, полицейлер мен жедел жәрдем дәрігерлері келді.

Шәйхана орналасқан 40 тонналық контейнердің түгі қалмаған. Жарылыстың күшті болғаны сонша контейнер сынықтары 100 метр жерге дейін  ұшып кеткен. Жақын жердегі ғимараттың терезелері сынған.  Қасындағы азық-түлік пен құрылыс материалдары сақталған бірнеше контейнер де бүлініпті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/987355-aqtauda-shaykhanadaghy-zharylystan-zard.html