RU

Ақтөбеде басшылық қызметтегі адамдар жыныстық қатынаспен берілетін дерт жұқтырған

Ақтөбеде бастықтар арасынан жыныстық қатынаспен берілетін ауру жұқтырғандар анықталған деп жазады NUR.KZ.

Ақтөбеде басшылық қызметте отырған адамдар арасында да жыныстық қатынаспен жұғатын жұқпалы ауруды жұқтырғандар бар болып шықты.

Ақтөбеде жиі тексеріліп тұратын 600-ден аса жезөкше жұқпалы аурудан таза. Керісінше, білдей мекемені басқарып отырған адамдар жыныстық қатынаспен жұғатын ауруға жиі шалдығып жатыр.

«Адамдар әлі де АИТВ жұқтырғандардың бәрі нашақорлар мен жеңіл жүрісті қыздар деп ойлайды. Бірақ, олай емес, жыныстық қатынаспен жұғатын жұқпалы ауруды халық арасындағы білімі бар адамдар шалдығып жатыр. Оның ішінде білдей басшы болып отырған адамдар да аз емес. Қай жерді басқарып отырғанын айта алмаймыз, бөлімді ме, мекемені ме анық көрсетуге болмайды»,-дейді эпидемиолог-дәрігер Ғалия Қайназарова.

Жұқпалы аурумен зақымданғандардың 50 пайызы қызметтегі адамдар. 32 пайызы ғана жұмыссыз топқа жатады екен.

«Жезөкшелердің саны әр кезде әртүрлі өзгеріп тұрады. Олардың саны жаз мезгілінде көбейеді. Оңтүстік жақтан қыздар жазда көп келеді. Жаз бойы пәтерлерде жүріп, жұмыс жасайды. Жезөкшелердің өсуі маусымға да байланысты. Қазір 600-ден аса жезөкше бізге тексеріліп тұрады. Емдерін тегін алады. Жезөкшелігінен біз емдей алмаймыз, емдемейміз. Бізге ол керек емес. Біз тек сол адамдардың арасында жұқпалы аурулардың алдын алу шарасы жүргізіп тұрамыз»,- дейді дәрігер.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/987376-aqtobede-basshylyq-qyzmettegi-adamda.html