RU

Назарбаевтың қолынан сыйлық алған Талғат Мұсабаев космосқа бірінші рет ұшардай қобалжыды

Назарбаев алғашқы докторлық диссертациясын есіне түсіріп ағынан жарылды. Ұлттық мейрам Тәуелсіздік күні қарсаңында Ақордада жаңа технологиялар ойлап тауып, ғылыми жаңалық ашқан ғалымдардың еңбегі еленді.

Әл-Фараби атындағы айтулы мемлекеттік сыйлықты табыстаған президент профессор мен академиктерге мұнымен тоқтамауды айта келе, өзінің зерттеулері жайында айтып берді деп хабарлайды КТК арнасы.

Шетел президенттерімен маңызды құжаттарға қол қойылатын Ақорданың Мәрмәр залы  бірнеше сағатқа белгілі ғалымдар үшін есігін айқара ашты. Мемлекет басшысы өз саласы бойынша тың ғылыми жаңалық ашқан атақты математик, физик, биолог дәрігер мен агрономдардың кеудесіне арнайы төсбелгіні өзі тақты.

Арасында техника ғылымдарының докторы Талғат Мұсабаев та бар. Космосқа бірінші рет ұшардай тым  қобалжыған оның ғарышты игерудегі еңбегі ескерілген.

"Алла сізге күш-қуат денсаулық берсін. Нұрсұлтан Әбішұлы, ғарышқа ұшатындай әсерде тұрмын. Шын жүректен айтамын. Көп рахмет", - деді Аэроғарыш комитетінің төрағасы Талғат Мұсабаев.

Айтулы академиктер құнды қазба байлықтарынан бастап, бекіре балығына дейін зерттген. Осы жерде Назарбаев Қазақстанның жер асты қазбалары жайында Мәскеуде қорғаған алғашқы докторлық диссертациясын есіне түсіріп, ағынан жарылды. Ал бүгін мемлекеттік сыйлық 6 ұжымға, яғни 39 ғалымға теңдей бөлінсе, бұлардың арасында ең жоғарғы марапатты жалғыз иеленген әйгілі экономист Аманжол Қошанов қана.

Мемлекеттік сыйлықты тарату кезінде президент біраз қалжыңдап  салтанатты шараны ресмилендірмеуге тырысты. Осыдан соң тым толқыған профессорлар өздерін еркін сезіне бастағандай.

"Бүгінгі алған мемлекеттік сыйлықтарыңыз құтты болсын. Денсаулықтарыңыз мықты болсын. Осы алған білімдеріңізбен  алға қарай жылжып елге қызмет ете беріңіздер", - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Ақордадан мәртебесі өсіп, шабыттанып шыққан ғалымдар тың зерттеулерімен тағы таңқалдыруға уәде етті. Ал мемлекеттік сыйлықтың биылғы жүлде қоры 18 миллион теңге. Бұл қомақты қаржыны марапатқа ие болған 6 ұжым мүшелері өзара бөліп алуы тиіс.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/987635-nazarbaevtynh-qolynan-syylyq-alghan-ta.html