RU

Қытайдан келген ару «Қазақ дауысы» ән байқауының жеңімпазы атанды

Алматыда жарты жылға созылған «Қазақ дауысы» халықаралық ән байқауы өз мәресіне жетті. 220-ға жуық өнерпаз қатысқан додада Қытайдан келген қандасымыз Жанат Әділханқызы мен астаналық Cәкен Әлімханов теңдей бас жүлде иегері атанды.

Байқаудың бірінші кезеңі үміткерлерге ғаламтор желісінде дауыс беру арқылы жүргізілді. Одан кейін ең көп дауыс жинаған үздіктерді әділқазылар алқасы бағалап, жеңімпаздарды анықтады.

Бас жүлдеге тігілген бір миллион теңгені Жанат пен Сәкен теңдей бөлісті. Ал бірінші орынды Елдос Жақсылықов иеленді.

Ұйымдастырушылар алдағы уақытта байқауды жыл сайын дәстүрлі түрде жалғастырып, ауқымын кеңейтуді көздеп отыр. Енді «Қазақ дауысы» жобасы үздік әншілерді жеке-жеке сала бойынша анықтамақ.

Естеріңізге сала кетейік, Қытайдан келген қандасымыз Жанат Әділханқызы Ұлттық арнаның «Қазақстан дауысы» жобасы байқауында да өз бағын сынап, іріктеу кезеңдерінен сүрінбей өтіп, қазір финалға жолдама алған үздік төрт әншінің бірі атанды.

21 жастағы жас әнші Қытайда да әр түрлі байқауларға қатысып, жүлделі орындардан көрініпті. Ол Үрімжідегі «Шыңжаң» телеарнасының ұйымдастырған «Күміс көмей» ән байқауында финалға дейін жетіп, үздік 10 әншінің бірі атанса, іле-шала Қытай Орталық телеарнасының (CCTV) Бейжіңде өткізген «Шарықтасын әніміз» атты байқауда топ жарып, «Ән патшасы» атағына ие болады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/988234-qytaydan-kelgen-aru-qazaq-dauysy.html