RU

Қанат Исламға «құрметті профессор» атағы берілді

 Бейжің Олимпиадасының қола жүлдегері, кәсіпқой бокс рингіне шыққалы 20 кездесуін де жеңіспен аяқтаған Қанат Исламға  Атырауда «құрметті профессоры» атағы берілді деп жазады egemen.kz.

Қытайда туып-өскенімен қазақ еліне қоныс аударып, Қазақстан азаматтығын алған қандасымыз Атырауға алғаш рет келді. Осындағы мұнай және газ институтының студенттерімен кездесуде Қанат Исламға аталған оқу орнының «құрметті профессоры» атағы берілді.

«Біздің институтта дене шынықтыру және спорт кафедрасы бар. Еліміздің абыройын әлемге танытып жүрген бауырымыз Қанат Исламға осы кафедраның «құрметті профессоры» атағын беру жөнінде ғылыми кеңес шешім қабылдады», - деген институт ректоры Әли Әбішев мейманға арнайы куәлік пен белгіні тапсырды.

Кездесуде студенттердің бірқатар сұрақтарына жауап берген боксшы қазақ болып туғанын әрқашан мақтан тұтатынын айтты.

«Спорт саласында қазақтың атын шығарып жүрген қазақ жігіттері көп. Мен көптің бірімін. Жетістікке жетсем, бұл - менің ұлт, ел алдындағы міндетім. Менің артымда қазақ елі, қазақ жұрты бар. Шетелде жүрсем де қазақтың намысын, қазақтың абыройын көтеруді ойлаймын. Мен қазақ болып туғанымды әрдайым мақтан тұтып жүремін», - деген кәсіпқой боксшы Қанат Ислам балалық шағы, жаттықтырушылары туралы кеңінен әңгімелеп берді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/988610-qanat-islamgha-qurmetti-professor.html