RU

СҚО тұрғыны мүгедек балалардың туған күніне тегін торт пісіріп беруді әдетке айналдырды

Солтүстік Қазақстан облысындағы Бескөл ауылының тұрғыны Яна Новоселова мүгедек балалардың туған күніне арнап тортты тегін пісіріп жүр деп хабарлайды КТК арнасы.

Науқас жеткіншектер таныс емес келіншектің тәтті сыйлық ұстап келгеніне алғашқыда қатты таң қалыпты. Ал олардың күлімдеген көздерін  көріп, алғысына бөленген Яна осы қайырымдылық іспен рахаттана айналысатынын жеткізді.

Яна осы жолы өзі құттықтайтын қыздың қандай тәттіні ұнататын алдын-ала анасынан сұрапты. Өйткені балалардың әдетте торттың құрамындағы кейбір қосындыларына аллергиясы болуы мүмкін дейді. Мүгедек балаларға тәтті таратуды ол биылғы сәуірден бастапты. Содан бері 40-тан астам бала мен ата-ананың алғысын арқалаған.

"Мен жалғыз емеспін. Қазір жеті-сегіз келіншек осындай игі іс атқарып жүрміз. Бір-бірімізге көмектесеміз. Ғаламторда өзіміздің сайтымыз бар. Көмекке мұқтаж жандар сол жерден ақпарат алып хабарласып жатады", - дейді Бескөл ауылының тұрғыны Яна Новоселова.

Янаның мұндай игі іс атқарып жүргенін естіген қайырымды жандар оған қант, ұн секілді керек-жарағын тегін әкеп тастайды екен. Ал өзі әрбір мүгедек баланың жәудіреген жанарын көріп, білдірмей көз жасымды сығып аламын дейді. Келіншек, әсіресе, балалардың әке-шешелерінің шыдамдылығына қайран қалады.

"Бұл балалардың әке-шешелері құрметке лайық жандар. Кейбіреулер тіпті он екі мүшесі сау баланы тастап кетіп жатады. Ал ауру баланы өмір бойы арқалап өту – ерлікпен пара-пар", - дейді Бескөл ауылының тұрғыны Яна Новоселова.

Янаның бұл жолғы торты 10 жасар Дашаға арналған. Осыдан алты жыл бұрын қатерлі ісікке шалдыққан қыздың бүгіндері беті бері қарапты.  Екі жыл бойы үйінде оқыған жеткіншек қазір мектепте сыныптастарының алды болуға жарап қалған. Яна торттардың жасалу жолын ғаламтордан алады екен. Осыдан бір жыл бұрын  тіпті тоқаш та пісіру білмеген оның тәттілері туралы мақтау ауыл-аймаққа тарап кеткен.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/989855-sqo-turghyny-mugedek-balalardynh-tughan.html