RU

ОҚО-да үнді мен түріктердің сериалдарына жиіркене қарайтын кейуана замандастарының ықыласына бөленді

ОҚО-да тарихтан әңгіме қозғап, тіпті саясат туралы сөздерге де араласатын жасы жетпістердегі кейуана замандастарын таңғалдырды деп жазады Замана басылымы.

Көпшілік жиылған кей жерде Түркия мен Үндістанның телесериалдары туралы әңгіме бастаса Күлзада Сүйінова: «Бос сөзді қойсаңдаршы», – деп замандастарын тыйып тастап отырды екен.

«Осындай кезде телесериал туралы айтуға бола ма? Жалпы, мен сол телесериал дегенге қарсымын. Өзім ешқандай сериал көрген адам емеспін. Мән-мағынасы жоқ солар да кино ма? Қарап отырсаң, өлген адам тіріліп келе береді, өзі «өледі» де, соның қызы немесе баласы болып тағы сол ойнайды. Басқа әртіс ойнатса Үндістанда адам құрып қалып па? Бұл көрерменді мазақ ету деп есептеймін. Мен немерелерге де соны көп көрмеу керектігін айтып отырамын. Олардың орнына жаңалықтар тыңдаймын. Құдайға шүкір, қазір телеарналар көп. Сағат сайын әр каналдан жаңалық беріледі. Мен солардың ешбірін жібермеймін. Соның арқасында дүниенің төрт бұрышында болып жатқан жаңалықтарды естіп, білемін. Өн бойы өтірікке құрылған телесериалға қарағаннан гөрі жаңалық тыңдаған дұрыс секілді. Жаңалық таусылса, жақсы бағдарламалар болады, соларды тамашалаймын", - дейді Күлзада апа.

Кейуана бос уақытта «Қыз Жібек», «Атаманның ақыры», «Бандыны қуған Хамит», «Қараш-қараш оқиғасы» секілді шындық негізінде түсірілген тарихи фильмдерді көргенді жөн санайтынын айтады.

"Оларда әсірелеу бар шығар, бірақ өтірік жоқ. Бүгінде қазақстандық режиссерлер де жақсы кинолар түсіре бастады. Мысалы, соңғы рет «Жібек» деген киноны көрдім. Бас-аяғы жинақы, жақсы фильм екен. Ал кейбір замандастарым үндінің «Келін» фильміндегі Ананди мен Каляни деген біреулерді айтып отырады. Басы қалай басталды десең білмейді, ұмытып қалған. Адам киноны шаршап, жүйкесін тоздырып уайымдау үшін емес, аз-кем демалу үшін көруі қажет", - деп ой түйді әжей.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/990252-undi-men-turikterdinh-serialdaryna-zhi.html