RU

ОҚО-да жасы сексенге келген қария білім саласын басқарып отыр

Оңтүстік Қазақстан облысында жасы 80-нен асса да, білім саласын басқарып отырған қария бар. Жасы келсе де, орынтағын босатпаған басшы жергілікті халықтың ашуын келтірді деп жазады Замана басылымы.

Басылым редакциясына хабарласқан  Сарыағаш ауданының тұрғыны Айыпхан Пірімбет аталмыш ауданның білім саласында жасы сексенге таяған адамдардың орындарын әлі күнге дейін босатпай жүргенін ашына айтты.

«Біздің аудандық білім беру саласының кәсіподағын жасы сексенге келген қария басқарады. Одан директорлардан бастап, аудан әкімдерінің өзі де аяқ тартып, айтқанын істейді. Ал ол кісі өзінің сөзін сөйлейтін жақтастары мен таныстарының зейнетерлік жасқа келсе де жұмыстан босатылуына жол бермейді. Осылайша, Сарыағаш өңірінде аяқ жолын әрең көретін мұғалімдер де жұмыс істеп жүр. Олар оқушыларға білім беріп жарытпайды, сабақтарын әркім өткізеді. Бірақ жалақысын өздері алады. Ал зейнеткерлік жасқа толғандықтан орныңызды жастарға берсеңізші деген директорлардың өздері қызметтен кетуге мәжбүр. Оған А.Оразбаева атындағы мектеп директорының тағдыры дәлел. Ол жасы жетпіске келген қарияны жұмыстан шығарамын деп ақыры өзі қызметтен кетті", - дейді тұрғын.

Сарыағаш ауданындағы бірнеше мектеп директорлары біраз қарияның қызметтен кетпей отырғанын мойындады. М.Әуезов мектебінде 75 жастағы Рахымберді Оспанов есімді азамат «Абайтанудан» дәріс береді екен. Ол кісіні жұртшылық Сарыағаш қаласының төбе биі ретінде біледі. Ал А.Оразбаева мектебінен Райс Тастановтың директорлық қызметтен кеткені де шындық болып шықты.

«Мен ұзақ жыл мектепте директор болдым. Мектебімізде Сейдулла Кәдірбаев есімді ағамыз бар. Келесі жылы жасы 70-ке толады. Ауылда жұмыс таппай жүрген жастар көп. Жұмысы барлардың сағаты аз. Бес бірдей қазақ тілі маманы жүр, олардың біреуі ән-күйден сабақ береді. Соны ескеріп, ағамызды жұмыстан шығарып едім, басым бәлеге қалды. Жоғарыдағы таныстары араласса керек, сот арқылы қызметіне қайтып келді. Әкімдер қарияларды жайына қойсаңшы деп өзіме тиісті. Ақыры қызметтен кетіп тындым. Ал олар әлі жүр. Жүре де беретін шығар», - дейді бұрынғы мектеп директоры Райс Тастанов.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/990652-oqo-da-zhasy-seksenge-kelgen-qariya-qyzm.html