RU

Прайм-Плазадағы оқиғадан соң аузы күйген Қайрат Нұртас концертіне 2700 күзетші шақырды

Елордадағы Астана арена мен Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында кеш берген әншінің концертін 2700 күзетші қоршап тұрды деп хабарлайды 31 арна.

Прайм-Плазадағы оқиғадан соң аузы күйген әншінің продюсері қауіпсіздік мәселесін қалай ұйымдастырғанын баяндады. Гүлзира Үсенқызының айтуынша, Қайрат Нұртастың Астана қаласындағы концертінде 2700 күзетші болған.

Стадион. Мыңдаған көрермен. Соңғы жылдары ешбір қазақ әншісі жеке кешін осындай үлкен алаңдарда беріп көрмеген еді. 30 000 мың көрермен сыйдыра алатын Астана Аренада шамамен 21 000 тыңдарманға, ал 5000 орындығы бар Алматыдағы Балуан Шолақ спорт кешені Қайраттың әндерін сүйіп тыңдайтын көрерменге лық толы болды.

Балуан Шолақтың айналасын полицейлер мен арнайы күзетшілер қоршап, қауіпсіздік мәселесін толықтай қамтамасыз етіп тұрды. Әрі 17 желтоқсан, кешқұрым, 86-да дәл қан төгілген уақыт. Ұйымдастырушылардың үлкен уайымы да сол еді.

Алайда, екі концерт те абырой болғанда ың-шыңсыз өтті. Көрермендер де мәдениеттілік сақтап, спорт кешеніне кезек-кезегімен кіріп жатты.

Кештің шығармашылық жағын бастан-аяқ ресейліктер ұйымдастырған. Залдағы жарық, дыбыс, декорация, тіпті Қайраттың үстіндегі киіміне дейін ресейдің кәсіби мамандары араласқан.

"Ұйымдастырған техниканың бәрі, режиссер, сценарист, бәрі Мәскеуден келді. Аппартура, жарық, бәрін қосқанда 18 фура келді. Өте үлкен жұмыс болды", - дейді Қайрат.

Тілшілердің "неге өз еліміздің мамандарын тартпадыңыз" деген сауалына Қайрат жұмбақтап жауап берді.

"Елімізде бар. Бірақ бұл менің ғана қолымда емес. Мен ғана істеп жатқан жоқпын. Бір адам маған айтқаннан кейін, барлығын Мәскеуден алып келесің дегеннен кейін мен ешнәрсе айта алмаймын", - деді әнші.

Жыл соңында Қайрат Нұртас стадионында концерт беріп, жыл жаңалығын жасады деп көрермендер де, өнер жұлдызының әріптестері де жоғары бағаларын берді, мойындады.

Кеш қонақтары, Ресейлік Тимати мен Нюша. Алайда Тимати рэпердің Қайратты 10 жылдық мерейтойымен бір де бір рет құттықтамағаны көрермендердің ызасына тисе, Нюшаның қазақша ән айтуы көңілдерін көтеріп тастады.

"Бір күнде мен Мәскеуде болдым, Нюшаға сол әнді тыңдаттым. Артынан Алматыға келіп, кәдімгідей қазақшалап сөйлеп, ұрып тұр, маған өте ұнады, қиналмаған сияқты", - дейді Қайрат Нұртас.

Балуан Шолақ спорт кешенінде әншінің екінші концерті өтті. Айта кету керек, бұндай жоғары деңгейдегі шоуды жасауға әншіге қалталы азаматтар, демеушілер қол ұшын берген... Кештің қанша табыс қана емес, қанша абырой әкелгені алдағы күндері белгілі болмақ.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/991202-praym-plazadaghy-oqighadan-sonh-auzy-kuy.html