RU

Қазақстан мен Куба визасыз сапарлар туралы келісімге қол қойды

Қазақстанның Кубадағы (қоса атқарушы) елшісі Константин Жигалов пен Куба Сыртқы істер министрінің орынбасары Рохелио Сиерра Қазақстан мен Куба азаматтарының қысқа мерзімді визасыз сапарлары туралы үкіметаралық келісімге қол қойды. Бұл туралы СІМ баспасөз қызметі мәлімдеді деп хабарлайды Bnews.kz.

Тараптардың ортақ пікірінше, визалық тәртіпті ырықтандыру екі ел адамдары арасындағы байланыстарды ұлғайтуға, туристік ағымды өсіріп, екіжақты экономикалық байланыстарды күшейтуге септігін тигізеді.

Үкіметаралық келісім екіжақты келісім-құқықтық базаны жүйелі түрде кеңейтуде маңызды қадамға айналды. Осылайша, өткен жылы білім және спорт салаларында ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойылды, БҰҰ аясында өзара қолдау көрсету туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Атап айтқанда, Куба Астананың БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне 2017-2018 жж. тұрақты емес мүшелігіне кандидатурасын қолдайды, ал Қазақстан кубалық тараптың БҰҰ Адам құқықтары бойынша кеңесіне 2017-2019 жж. қайта сайлануы туралы өтінішіне дауыс береді. Бірнеше апта бұрын Астанада Кубаның халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысуы туралы Келісімге қол қойылды.

Гаванаға жұмыс сапары барысында К. Жигалов Куба Компартиясы Халықаралық бөлімінің меңгерушісі Хосе Балагер мен Куба Сыртқы істер министрлігінің басшылығымен келіссөздер өткізді.

Тараптар қазақстандық-кубалық ынтымақтастықтың соңғы жылдары белсенді дамып келе жатқанын, соның ішінде барлық деңгейлердегі саяси диалогтың жанданғанын ерекше атап өтті.

Қол қойылған келісімдердің тәжірибе жүзінде іске асырылып жатқаны атап өтілді. Осы түпмәтінде тараптар Куба Мемлекеттік кеңесінің Ғылым бойынша кеңесшісі – Ғылым академиясының вице-президенті Фидель Кастро Диас-Баларттың (Кубалық революцияның лидері Фидель Кастроның ұлы) қазандағы Астана мен Алматыға сапарының маңыздылығын ерекше баса айтып өтті. Аталмыш іс-шара Білім саласындағы ынтымақтастық туралы екі жақты меморандумды іске асыру шеңберінде өтті.

Кубаның жетекші фармацевтикалық компаниясы «Лабиофам»-ның қазақстандық әріптестерімен іскерлік байланыстары тиімді түрде дамып келе жатыр. Оның шеңберінде үстіміздегі жылы Қазақстанда үш кубалық дәрі-дәрмек тіркелді; жақын арада тағы екі медициналық препарат тіркеуден өтеді.

Қазақстанның елшілігі Гаванада Тәуелсіздік күніне орай салтанатты қабылдау кешін өткізді. Оған Кубаның Сыртқы істер министрлігі мен елдің басқа да министрліктер мен ведомстволар басшылығының өкілдері, Компартия Орталық комитетінің қызметкерлері, Кубада тіркелген дипломатиялық миссиялардың басшылары, қоғам қайраткерлері, ғалымдар мен тілшілер қатысты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/991461-qazaqstan-men-kuba-vizasyz-saparlar-t.html